Астанада 250-ден астам қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды

Елорданың Урбанистика орталығында 2022 жылы атқарылған жұмыстың қорытындысы талқыланды. Астананың барлық ауданында абаттандыру, көгалдандыру және жайлы орта құру жұмысы жүзеге асырылды, деп хабарлады BAQ.KZ.

Өткен жылы қалада 250-ден астам қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды. Олардың қатарында қалалық алаң, абаттандырылған Бараев көшесі, Президент саябағындағы амфитеатр, «Встреча» сауда үйі алдындағы кеңістік, сондай-ақ қаланың елді мекендеріндегі скверлер сияқты орындар бар.

Осының арқасында қараусыз қалған жерлер мен бос орындар саны айтарлықтай азайды.
Мүдделі және белсенді қала тұрғындарымен бірлесіп, көше спортын дамыту және шығармашыл жастарды қолдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Сол сияқты қалада Urban sport fest, алғашқы түнгі жарыс, BMX және самокат жарыстары, сондай-ақ Jana Shanyrak шығармашылық музыкалық фестивалі ұйымдастырылды.

2022 жылдың тағы бір үлкен жетістігі – халықаралық деңгейде атқарылған іс-шаралар. БҰҰ шақыруымен Орталық қызметкерлері қалаларды дамытуда тәжірибе алмасу үшін бірнеше халықаралық іссапарға шықты.

Урбанистика орталығы қызметкерлерінің белсенді араласуымен елордамыз ресми түрде «MCR 2030» аясындағы қалалар тізіміне енді. Бұл БҰҰ-ның тұрақтылықты арттыру және қалалардағы апаттар қаупін азайту жөніндегі бастамасы.

Елордамызды 2023 жылы қала тұрғындары мен қонақтары үшін орнықты, жайлы және қауіпсіз ету үшін ары қарай да дамыту жұмысын жалғастырамыз, - деп қорытындылады қалалық Урбанистика орталығында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы