Астанада 20 елдің сарапшыларымен жол саласының болашағы талқыланды

Астанада «Kaztraffic-2025» көрмесі аясында «Жолдар және инновациялар» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз жұмысын бастады. Конференция биылғы жылы саланың ең үлкен кәсіби оқиғаларының бірі ретінде жол саласының жетекші ғалымдары мен инженерлерін, мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдардың өкілдерін біріктірген маңызды кәсіби алаңға айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Конференцияны ҚР Көлік министрлігінің қолдауымен «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» (ҚазжолҒЗИ) ұйымдастырды. Министрлік тапсырмасына сәйкес, «ҚазжолҒЗИ» автожол саласына жаңа технологиялар мен ғылыми жетістіктерді енгізу бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. Институт әлемдік тәжірибені зерттеп, негізгі инновацияларды талдап, оларды отандық жағдайға бейімдеудің мүмкіндіктерін бағалайды. Параллельді түрде еліміздегі жол саласының ғалымдары өздерінің әзірлемелерін жүргізіп келеді.

«Астана Тазалық» ЖШС да «KazTraffic-2025» көрмесінде қалалық санитарлық қызметтің цифрлық жаңалықтарын таныстырып, елорданың қысқы маусымға дайындық барысын жария етті.

Көрме аясында «Астана Тазалық» ЖШС қалалық санитарлық қызметтің цифрлық трансформациясын жан-жақты таныстырды. Кәсіпорын ұсынған мониторинг жүйесі GPS-бақылауды, жанармай шығынын, цифрлық жол парақтарын және маршруттарды талдау құралдарын бір екожүйеге біріктіреді. Бұл шешім қазіргі уақытта қаланың 440 арнайы техникасына енгізіліп, есептілікті автоматтандыру, ЖЖМ шығысының ашықтығы және тиімді маршруттық жоспарлау бойынша жоғары нәтижелер көрсетуде.

Көрмеде алғаш рет балалар мен жасөспірімдерге арналған экологиялық Tazalike оқыту ойыны да көрсетілді. Ойын қаланың санитарлық жүйесінің жұмысын түсіндіруге, қоқысты дұрыс сұрыптауды үйретуге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және жастарды экологиялық бастамаларға тартуға бағытталған заманауи интерактив құрал ретінде ұсынылды.

Бүгін біз автожол саласының дамуына арналған бөлек бағдарламаны қалыптастырып отырмыз, онда біз көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және құрылыс саласында ең жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап отырмыз, – деп конференцияда ҚР КМ Вице-министр Мәқсат Қалиақпаров өз сөзінде атап өтті.

Конференцияға АҚШ, Түркия, Ресей, Италия және Еуропалық одақ елдерімен қатар барлығы 20-ға жуық мемлекеттің салалық сарапшылары қатысты. Қатысушылар жол саласының құрылыс және күтіп ұстау саласындағы жаңа әзірлемелер мен әдістерді таныстырды.

Отандық және шетелдік қатысушылар жол секторын дамытудағы басты мәселелерді талқылады. Конференцияда басты назарда қауіпсіз жолдар, стандарттау мен сапа бақылауы, интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу, саланың цифрландыруы, сондай-ақ жолдарды қысқы уақытта күтіп-ұстау сияқты саланың дамуындағы маңызды бағыттар болды. Бұл мәселелер әсіресе қатал климаттық жағдайлары бар елдер үшін аса өзекті. Конференция ғылыми шешімдер мен өндірістік тәжірибелерді біріктіріп, жол саласының ең өткір мәселелерін шешудің ортақ көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

«ҚазжолҒЗИ» өкілдері отандық әзірлемелердің бүгінгі таңда сала трансформациясының маңызды бөлігіне айналып, тәжірибеде нақты нәтижелер көрсетіп жатқанын атап өтті.

«ҚазжолҒЗИ» әзірлейтін материалдар мен технологиялар қазіргі уақытта тәжірибелік пайдалануға енгізілуде. Алынған нәтижелер олардың тиімділігін нақты жағдайда растап отыр. Қазірдің өзінде қазақстандық жол ғылыми зерттеулері, жолдарды күтіп ұстау мен жаңа объектілер құрылысында сұранысқа ие бәсекеге қабілетті шешімдер ұсынып отыр. Конференцияда біз «ҚазжолҒЗИ» ғалымдары әзірлеген бірқатар отандық қоспалар мен материалдарды таныстырдық. Біз бұл технологияларды белсенді түрде енгізіп жатырмыз және алғашқы нәтижелер олардың тиімділігін нақты жағдайларда көрсетіп отыр, – деп «ҚазжолҒЗИ» ғылымды және инновацияларды дамыту департаментінің директоры Адия Жұмағұлова атап өтті.

Қазақстандық әзірлемелер қатарында ғалымдар көктайғаққа қарсы материалдар, топырақ тұрақтандырғыштар және жол жамылғыларының төзімділігін арттыруға бағытталған инновациялық қоспаларды ерекше атап өтті. Бұл шешімдер жол активтерінің қызмет ету мерзімін ұзартуға және пайдалану шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді. Технологияларды жергіліктендіру Қазақстанның салалық тәуелсіздігін нығайтып, халықаралық нарыққа отандық өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Көлік министрлігі
Өзгелердің жаңалығы