Астанада 20 елдің дін өкілдері бас қосады: Жиын алдындағы сәттер
7 қазан. Сәрсенбі. Бейбітшілік және келісім сарайында бүгінгі халықаралық басқосуға дайындық жүріп жатыр. Дәліздерде адамдар қозғалысы байқалғанымен, отырыс өтетін зал әзірге бос. Сәлден соң мұнда 20 елден келген өкілдер жиналады. BAQ.KZ тілшісі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысы алдындағы көріністерді ұсынады.
Сарайдағы жиын алдындағы сәттер
Астананың таныс нысандарының бірі – пирамида пішінді Бейбітшілік және келісім сарайы. Бүгінгі басқосу осы жерде өтеді. Ресми бағдарлама сағат 10:00-де басталады.
Сыртқы көріністен ішке ауысқан сайын сарайдағы қозғалыс байқалады. Дәліздермен адамдар өтіп жатыр. Отырыс басталғанға дейінгі осы сәттерде ғимараттың ішкі көрінісін де, жиын алдындағы дайындықты да асықпай бақылауға болады.
Зал әзірге бос
Отырыс өтетін залға қатысушылар әлі жайғаспаған. Бос орындар, залдың жалпы көрінісі - ресми жиын басталмағанының белгісі. Дәліздегі қозғалыспен салыстырғанда мұнда әзірге тыныштық.
Көп ұзамай осы залда түрлі елден келген делегациялар бас қосады. Олардың қатарында ислам, христиандық, иудаизм, индуизм, буддизм, даосизм, синтоизм және бахаи діндерінің өкілдері бар. Жиынға халықаралық ұйымдардың басшылары, мемлекет қайраткерлері мен сарапшылар да қатысады.
Сенімі мен дүниетанымы әртүрлі қатысушылардың бүгінгі талқылауына технология, қоршаған орта және бала құқығы секілді ортақ мәселелер арқау болмақ.
Жасанды интеллект пен дін
Отырыстың негізгі тақырыптарының бірі - жасанды интеллектіні діни салада пайдалану. Қатысушылар осы бағыттағы этикалық кодексті қарап, қабылдауды жоспарлап отыр.
Жаңа технологияның мүмкіндігі кеңейген сайын оны қолданудағы жауапкершілік мәселесі де өзекті бола түседі. Бүгінгі басқосуда бұл тақырып діни сала тұрғысынан талқыланады. Құжаттың атауы да соны аңғартады: «Діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексі».
Күн тәртібіндегі екінші халықаралық құжат - “Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі”. Осылайша, отырыста рухани мәселелермен қатар қоршаған ортаға қатысты жауапкершілік те сөз болады.
Екі құжатты әзірлеуді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде ұсынған. Бастаманы съезд қатысушылары қолдаған.
Балаға көмек пен қолдау
Бүгінгі отырыста жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары туралы хартия да таныстырылады.
Құжатта баланың қадір-қасиетін қорғауға және оған ізгілікпен қарауға басымдық берілген. Сондай-ақ қажетті медициналық және психологиялық көмек алу құқығы қамтылған.
Тиісті өтініш болған жағдайда баланың діни сенімі мен дүниетанымына сай қолдау көрсету де қарастырылған. Бұл мәселе отырыстың күн тәртібінде жеке ұсынылады.