Астанада 2 млн теңгесі бар сейфті ұрлаған күдіктілер ұсталды
Астана полицейлері сейф ұрлаған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полицияға жиһаз дүкенінің ғимаратынан ақша салынған сейфтің жоғалып кеткені туралы ЖШС өкілі арызданған.
Сарыарқа ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қылмыскерлерді ізін суытпай анықтады. Жедел уәкілдер 20 жастағы жігіт пен оның 38 жастағы сыбайласын ұстады. Олар кінәларын толық мойындады.
Ұрылар түнде ғимаратқа кіріп, ішінде шамамен 2 миллион теңге қолма-қол ақша болған темір сейфті жасырын алып кеткен. Сейфті жақын маңдағы далаға апарып, асықпай бұзған. Ақшаны тең бөліп алғанымен, жұмсауға үлгермеген. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Астанада кеңсеге терезеден кіріп, сейфті көтеріп кеткен ұры қолға түскені хабарланған.