Астанада 170 қоғамдық кеңістік пен аула абаттандырылады
Елорданы жүйелі деңгейде абаттандыру әрі қарай жалғасады. Биыл қаладағы 170 қоғамдық кеңістік пен аула аумағын абаттандыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram аккаунтында жазды.
Қала басшысының сөзінше, бұл жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде елді мекендерді де қамтиды.
Жүргенов көшесінде (Алматы ауданы) жасыл желекжол ашамыз. Бұл көше – шағын ауданның басты көшелерінің бірі. Көше ашылған сәттен бастап 9 жыл ішінде жаяу жүргіншілер тротуарларының төсемдеріне жөндеу жүргізілмеген. Осыған байланысты учаскелердің көпшілігі ескіріп қалған. Сондай-ақ көгалдандыру жүргізілмеген әрі көше жарығы орнатылмаған. Осыған байланысты Жүргенов көшесіндегі жаяу жүргіншілер кеңістігін ауқымды абаттандыруға кірістік. Оның барысында кедергісіз орта құрылып, бос уақытты тиімді өткізуге арналған орындар ашылады, сол сияқты көгалдандыру, жарықтандыру және т.б. жүргізіледі. Жүргенов көшесін (Айнакөл көшесінен Ж. Нәжімеденов көшесіне дейін) абаттандыру жұмысы қазірдің өзінде басталып кетті. Мұнда 6 мыңнан астам ағаш пен 44 мың бұта отырғызу жоспарланып отыр, - деді қала басшысы.
Сонымен қатар Мыңжылдық аллеясында 70 мың шаршы метр аумақты абаттандыру жүріп жатыр.
Елорда әкімі "Жағалау" тұрғын үй кешенін абаттандыру аясында 18 гектар аумақты абаттандыру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар ескі вокзал мен оған іргелес Гете және Біржан сал көшелерінің аумағын; Ақбұлақ жағалауы, Президенттік саябақ, «Бейбітшілік пен келісім» саябағы және т.б. кіретін Есіл өзенінің бойындағы саябақ кластерін абаттандырамыз, - деді қала әкімі.