Астанада 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады
Астанада жаңа қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды салу және т.б. бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биыл 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістікті (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандыру жоспарланып отыр.
Біз елорда тұрғындары мен қонақтары бос уақытын пайдалы өткізе алатын орындар санын кеңейту үшін ғана емес, сонымен қатар қаладағы саябақтар мен гүлзарларды қайта құру үшін де жұмыс істеп жатырмыз. Биыл 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырамыз. Олардың бір бөлігі «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша аяқталды, - деді қала басшысы.
Мысалы Амман және Абылай хан көпірлерінің астында жаяу жүргіншілер өткелдері ашылады. Олар Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақ кластерін байланыстырады.
Сондай-ақ Сәтбаев көшесі Қажымұқан көшесінен Петров көшесіне дейін жөнделеді. Орталық жағалаудың тарихи көшелері (Желтоқсан, Бейбітшілік, Бұқарбай батыр көшелері) қайта құрылады. Бұл жаңа абаттандырылған орындарды бұрынғы орындармен біріктіруге мүмкіндік береді, сол арқылы серуендеуге арналған үлкен кеңістік ашылады, – деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ, Астана әкімі қаланы абаттандырумен қатар көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Биыл 1 млн жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр, оның бір бөлігі қаланың жасыл белдеуінде болмақ.