27 Қыркүйек 2026, 00:33 Фото: polisia.kz

ІІМ 2022 жылғы қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған қаруларды анықтау жұмыстарын жалғастыруда

Ішкі істер министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі – қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы күрес

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері қылмыстық мақсатта пайдаланылған 1 700-ден астам қаруды тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.

Олардың қатарында 34 автомат, 458 тапанша, мыңнан астам мылтық, 3 гранатомет және 12 мыңға жуық оқ-дәрі бар. 2022 жылғы қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған қару-жарақты іздестіруге ерекше назар аударылуда.

Бұл бағыттағы жұмыс еліміздің барлық өңірінде жалғасып жатыр. Жыл басынан бері осындай 152 қару бірлігі заңсыз айналымнан алынды. Тек қыркүйек айының өзінде тағы 9 қару тәркіленді.

Тамыз айында Алматы және Өскемен қалаларында полиция қызметкерлері Алматы облысының екі тұрғынынан Алматыдағы қару-жарақ дүкендерінен қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған үш қару бірлігін тәркіледі.