Астанада 11 мыңнан астам адам емханаға тіркелмеген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала тұрғындары арасында медициналық сақтандырылмағандар да бар, деп хабарлады «Медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрғындар саны - 1 171 302 (Қазақстан бойынша 18 809 210). Олардың ішінде 636 914 тұрғын жеңілдігі бар санатқа жатады. Бұл барлық тұрғынның 55%-ына жуық, олар үшін жарнаны мемлекет төлейді.

2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша: 365 410 – жалдамалы жұмыскер; 45 836 – жеке кәсіпкер, азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істейтіндер – 52 929; бірыңғай жиынтық төлем бойынша жарна аударғандар - 133 945; өз бетінше жарна төлейтіндер саны - 15 099.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сақтандырылған тұрғындар саны – 961 598. 

Қазақстанда, оның ішінде елорда да, соңғы екі ай ішінде – 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында емхананы еркін таңдау науқаны жүргізілді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қазіргі таңда 1 160 000 астам адам қала емханаларына тіркелген.

Ал 11 мыңнан астам елорда тұрғыны ешқайда тіркелмеген, яғни денсаулық сақтау жүйесінен тыс қалып отыр. Сондай-ақ елорда тұрғындары арасында медициналық сақтандырылмағандар да бар.

Сондықтан бұл азаматтарды медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебелерін анықтауға шақырамыз. Тұрғындар өз мәртебелерін нақтылап, емханаға тіркелулері тиіс. Медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына тіркелу – бұл ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық қызметтердің барлық түрін алу үшін қажетті шарт. Үйге барып медициналық көмек көрсету керек болған жағдайда қолжетімді болу үшін тұрғылықты жеріңізге жақын емханаға тіркелгеніңіз жөн, - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

Естеріңізге саламыз, тіркелу науқанынан тыс кез келген уақытта МСАК ұйымын бірнеше жағдайда ауыстыруға болады: егер Сіз тұрғылықты жеріңізді ауыстырған болсаңыз; қаладан тыс жерге бір айдан астам мерзімге кетсеңіз; немесе алғаш рет еркін таңдау немесе тіркелу құқығын пайдаланам деп шешсеңіз; сондай-ақ емханаға сіздің қатысуыңызсыз тіркеген болса, емханаңызды ауыстыруыңызға болады. Сондай-ақ медициналық ұйым қайта ұйымдастырылған немесе таратылған, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт бұзылған жағдайда, немесе сіздің үйіңізге жақын жерде жаңа емхана ашылса, тіркелуге болады.

ЭЦҚ болған жағдайда емханаға www.egov.kz электрондық үкімет порталында тіркелуге болады. Ол үшін «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Барлық жол толтырылғаннан кейін пациент туралы ақпарат автоматты түрде емханаға түседі. Егер барлығы дұрыс толтырылып, орындалса, өтініш берушіге медициналық мекеменің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған тіркеу туралы хабарлама келеді.

Сонымен қатар МСАК ұйымында бұл қызмет зейнеткерлерге, мүгедектерге, бала кезінен мүгедекке заң бойынша тағайындалған қамқоршыларға, қорғаншыларға немесе қамқоршыларға, патронат тәрбиешілерге, колонияларда жазасын өтеп жатқан сотталғандарға, студенттерге, сондай-ақ медреседе оқитындарға, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге, шет мемлекеттерде туған балаларға, сондай-ақ сенімхат бойынша тіркелуді ресімдейтін адамдарға көрсетіледі. Ол үшін еркін нысанда өтініш жазып, жеке басын куәландыратын құжатты көрсету жеткілікті.

Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген медицина ұйымдары ТМККК және МӘМС бойынша медициналық қызметтер көрсете алады. Толық ақпаратты Қордың fms.kz сайтының «Емхананы таңдау» бөлімінен біле аласыз.

Айта кету керек, МСАК ұйымына осы жылы тіркеу науқаны кезінде тіркелген азаматтар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде осы ұйымда медициналық көмекті ала бастайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы