Астанада 10 мың орындық ақылы көлік тұрағы ашылады
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты аясында елордада 10 мың орындық ақылы автотұрақ ашылады. Бүгінде оның 7 жарым мыңы пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Астана қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ержан Диханбаев айтты.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты аясында қалада 10 мың ақылы тұрақ орындарын іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде 7 500 автотұрақ орны іске қосылды. Жобаның мақсаты – жол бойында көлікпен аялдау ережелерінің бұзылуын азайту, ақылы тұрақ аймақтарында көлік құралдарының барлық түрлерінің қозғалыс жылдамдығын және тұрақ орындарының айналымын арттыру. Сонымен қатар, автотұраққа қоймайтын көліктердің санын қысқарту және тұрғындарды қоғамдық көлікті пайдалануға ынталандыру, – деді Ержан Диханбаев қалалық мәслихаттың қоғамдық кеңес отырысында.
Бас қалада аталған жоба 2018 жылдан бастап «Астана қаласының ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты аясында іске асырылып келеді. Оған «Астана тұрақ кеңістігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты.