Бүгiн 2026, 20:14 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Астанада 1 мамыр кең көлемде тойланады: 60-қа жуық концерт, жәрмеңке және спорттық шара өтеді

Фестивальдер, концерттер, спорттық жарыстар мен жәрмеңкелер – елордада 1 мамырға орай ауқымды мерекелік бағдарлама әзірленді.

Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мазмұнды әрі ауқымды іс-шаралар жоспары жасалды. Қала тұрғындары мен қонақтарын фестивальдер, концерттер, жәрмеңкелер, спорттық және отбасылық шаралар күтеді. Жалпы саны 60-қа жуық іс-шара жоспарланғанын әкімдік хабарлады.

1 мамырдағы басты шаралар

Негізгі мерекелік іс-шаралар 1 мамыр күні өтеді. Бұл күні Достық үйі алаңында «Қазақстан – бірлік мекені» фестивалі ұйымдастырылады. Қонақтарға ұлттық тағамдар, қолөнер көрмелері, шеберлік сағаттары және концерттік бағдарлама ұсынылады.

Сондай-ақ концерттер бірден бірнеше танымал орындарда өтеді: «Жетісу» саябағында, Есіл өзені жағалауындағы Арбатта және «Жастар» сарайында.

Сағат 12:00-де қалалық алаңда Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры әртістерінің қатысуымен үлкен концерт өтеді.

Спорт және белсенді демалыс

Белсенді өмір салтын ұнататындар үшін Триатлон паркінде жазғы маусымның ашылуы ұйымдастырылады. Бағдарламада:

* 5 шақырымдық жаппай жүгіру жарысы;
* 400 метрлік балалар жарысы;
* скандинавиялық жүріс;
* футбол, волейбол және баскетбол турнирлері.

Сонымен қатар йога, street workout және жекпе-жек өнерлері бойынша ашық жаттығулар мен жеке жарыстар өтеді.

Осы күні «Жерұйық» саябағында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылса, «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінде шахмат турнирі өтеді.

30 сәуір бағдарламасы

Мереке қарсаңында, 30 сәуірде де елордада мазмұнды шаралар өтеді.

Негізгі оқиғалардың бірі – әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өтетін «Достық керуені» көше өнерінің этнофестивалі. Бағдарламада этнографиялық көрмелер, шеберлік сағаттары, достық шеруі және концерт бар.

«Байқоңыр» ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылған жаңа аулалар ашылып, тұрғындар мен аниматорлардың қатысуымен «Аула күні» форматы өтеді.

EXPO аумағында жастар мен этномәдени бірлестіктердің қатысуымен Мемлекеттік Тумен патриоттық акция ұйымдастырылады.

Сондай-ақ Сарайшық ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтеді. Ал қалалық «Жанұя» және «Қамқор» орталықтарында бірлік пен бейбітшілікке арналған тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Достық үйінде «Мәміле» пікірталас клубының отырысы және «Халық Конституциясы – бірлік пен дамудың келешегі» конференциясы өтеді.

Бұдан бөлек, үстел теннисі мен ұлттық спорт түрлері – тоғызқұмалақ, асық ату және армрестлингтен жарыстар жоспарланған.

2-3 мамырдағы шаралар

Мерекелік бағдарлама 2 және 3 мамыр күндері де жалғасады. Бұл күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, соның ішінде Keryen Joly сауда орталығы аумағында сауда-саттық ұйымдастырылады. Сонымен қатар сауда орталықтарында концерттік бағдарламалар мен «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені» атты тақырыптық дөңгелек үстел өтеді.