Астанада қызылша ауруы өршіп тұр – ДСМ
Астана, baq.kz тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық қорғау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин Астана, Алматы қалалары мен Ақмола облысында қызылша ауруы өршіп тұрғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталған өңірлерде қызылша ауруы кеңінен тарап жатыр екен.
«Астана, Алматы және Ақмола облысында қызылша ауруы өршіп тұр. Алматыда 50 оқиға, Ақмола облысында 41 оқиға тіркелді. Бұл жағдай зертханалық деңгейде дәлелденді. Бізде вакцинаның тиісті қоры бар. Себебі, қызылша арнайы дәрімен емделмейді. Ол симптомдық түрде емделеді. Оны емдеудің тиімді жолы – вакцинация», - деді ол Үкімет отырысының кулуарында журналистерге.
Оның айуынша, қазіргі таңда балалардың 60-70% қызылшамен ауруып жатыр екен. Бұл өңірлердегі деректерге сәйкес.
«Бұл балаларға вакцинация уақыты келмеген. Сондықтан аталған ауру жиі тіркелген өңірлерде біз вакцинация уақытын 9 айға жылжыттық. Бүгінде біз қосымша 100 мың тұрғынға вакцинация алуға өтініш бердік. Бұл – қызылшаға қарсы моновакциналар. Сондай-ақ дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан қызылшаға және қызамыққа қарсы тегін ди-вакцинация алу мәселесін қарастырамыз», - деді төраға.
Сонымен қатар ол бүгінде қызылша ауруын жұқтырғандардың арасында үлкен кісілерде бар екенін атап өтті.
Жандарбек Бекшиннің айтуынша, олар 1990 жылы, 2000 жылдың басында вакцинациядан бас тартыпты.