Астана-1 вокзалында жаңа 10 эскалатор қосылды

Астана, baq.kz. Астана-1 теміржол вокзалында 10 жаңа эскалатор жұмыс істей бастады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Халықаралық стандарттарға сай жаңа эскалаторлар тек жолаушылар қауіпсіздігін ғана қамтамасыз етіп қоймай, физикалық тозуға шыдамды әрі ресурс үнемдеуге бейінді.

Эскалаторлар Ақмола лифт жасау зауыты желісінде жиналды. Құрал-жабдықтар Астана қаласының құзырлы мемлекеттік органдарында тиісті есепке қойылды. Сәйкестендіру нөмірлері бекітіліп берілді. Пайдалануға жарамдылығы жөніндегі техникалық байқаудан өткізілді.

Ескірген эскалаторларды жаңасына ауыстыру жөніндегі жұмыстар 2018 жылдың қарашасынан басталғандығын қаперге саламыз. Вокзал қызметкерлері жолаушылар ағынын реттеу, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жарақат алу жағдайларын болдырмау үшін барлық қажетті шараны абыроймен атқарып шықты.

Астана-1 жаңа теміржол вокзалы 1990 жылдан бастап жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда вокзал ғимаратының аумағы 11 мың текше метрді құрайды және тәулігіне 12 000 жолаушыны өткізуге қабілетті вокзал тәулігіне 37 пойызға қызмет көрсетеді.

Сервистік қызмет сапасы деңгейін арттыру, вокзалдардың техникалық жарақтандыруды жақсарту «ҚТЖ» ҰК» АҚ жұмысының басымдықты бағыты болып табылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы