«Астана Жастары» орталығы арқылы 3000-нан астам адам жұмысқа орналасты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі – жұмыспен қамту. Осыған орай, Жастар саясаты мәселелері басқармасы жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету, жұмыспен қамтуға ықпал ету және кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізіп келеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Бүгінде «Астана Жастары» Жастар ресурстық орталығы арқылы жұмыссыз жүрген көптеген адам тұрақты қызметке орналасты.

Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бағыттарының бірі – жастарды жұмыспен қамту. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2020 жылдың басынан бері жұмыспен қамту мәселесімен 9 751 жас жолықты. Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен 7 452 жас қамтылды. Оның ішінде тұрақты жұмысқа 3 368 адам, жастар практикасына 552 адам, әлеуметтік жұмыс орындарында 39 адам, қоғамдық жұмыстарға 863 адам және қысқа мерзімді оқуға 38 адам жолданды, – деді Қайрат Қамбаров.
Сонымен қатар Жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асыру аясында 2 592 адам жұмысқа орналасты. Сол сияқты жастарды жазғы уақытта жұмыспен қамтуға, студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтары жобасы жүргізіледі. Жоба аясында маусым-тамыз айларында жұмыссыз студент пен көпбалалы отбасылардан шыққан 1 200-ге жуық жас қамтылды. Оның ішінде 731-і көпбалалы отбасылардан шыққан.
Басқарма 2016 жылдан бастап 300-ден астам ұйымдармен меморандумға отырып, «Astana job» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл жоба бойынша 3000-ға жуық жас жұмысқа орналасты. Күніне 5 вакансия, ал жұмыс іздеушілерден 10-ға жуық түйіндеме түсіп отырады. Бұл бағыттағы жұмыс ары қарай да жалғаса береді. Біз жұмыс іздеп жүрген жастарды және жұмыс ұсынушыларды ынтымақтастыққа шақырамыз, – деді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.
 Егер сіз жұмыс іздеп жүрсеңіз немесе сізге жұмысшы қажет болса, түйіндеме мен өтінімдер job.astana.kz@mail.ru электронды пошта арқылы қабылданады. Мамандар жұмыс іздеушіге сәйкес бос жұмыс орындары мен қызметкерлерді таңдайды.

Қазіргі бос жұмыс орындары туралы ақпараттар @job_astana_jastary парақшасында жарияланып отырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы