Бүгiн 2026, 13:52 Фото: istockphoto.com

Астана тұрғыны тауып алған патроны үшін сотталып кете жаздады

Сөмкеден табылған патрон.

Елордада шығармашылық саламен айналысатын 22 жастағы жас жігіт салынып жатқан жеңіл рельсті көлік жүйесі ғимаратының жанынан бір патрон тауып алып, оны сөмкесіне салып қойған.

Ол бұл затты түсірілімге арналған реквизит ретінде пайдаланбақшы болған, алайда кейін оны ұмытып кеткен.

Белгілі болғандай, бір жыл өткенде жігіт Алматыға ұшу үшін әуежайға келген. Тексеру кезінде патрон оның сөмкесінің қалтасынан табылған.

Сот оны оқ-дәріні заңсыз иемденгені, сақтағаны және тасымалдағаны үшін 1 жылға бас бостандығын шектеуге соттаған.

Іс бойынша жас жігіттің патронды мақсаты бойынша пайдаланбақ болғаны не оны басқа адамдарға бермек болғаны немесе өткізбекші болғаны анықталмаған. Одан қару табылмаған, ешқандай зиянды салдар туындамаған.

ҚК-нің 10-бабына сәйкес формалды түрде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар, бірақ маңызы жағынан болмашы, қоғамға қауіп төндірмейтін әрекет қылмыстық құқықбұзушылық болып танылмайды. Кассациялық сот әрекеттің қоғамға елеулі қауіп төндірмегендіктен, істі қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты. Сот ешкімге зиян келмегенін, бір ғана патрон табылғанын және оны қылмыстық мақсатта пайдаланбақ болғаны дәлелденбегенін ескерді. Бас прокуратура кассациялық соттың ұстанымымен келісті, - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.