17 Қараша 2026, 17:36 Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана Тәуелсіздіктің 35 жылдығына қалай дайындалып жатыр?

Елорда көшелерінде мемлекеттік тулар ілініп, ғимараттар мен LED-экрандар мерекелік кейіпке ене бастады. Қалада қандай өзгерістер бар?

Астанада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай мерекелік безендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айтулы дата қарсаңында елорда көшелеріне мемлекеттік тулар мен тақырыптық баннерлер ілініп, ғимараттардың қасбеттері мен LED-экрандарда мерекелік бейнелер көрсетіле бастады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, мерекелік безендіруді қаланың бірнеше аумағынан көруге болады.

Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған тақырыптық бейнероликтер қалалық 3D LED-экранда, шолу дөңгелегінде, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ғимаратының қасбетінде және басқа да нысандарда көрсетіліп жатыр.

Мерекелік шараларға елорданың сауда орталықтары да атсалысуда. Олардың ішкі LED-экрандарынан Қазақстан тәуелсіздігіне арналған бейнероликтер көрсетілуде.

Айта кетейік, 2026 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтеді.