Астана тарихы туристерге жаңа форматта ұсынылады
Астана қаласының мемлекеттік архивінде «Астана Гидтар клубы» мен «AOMI Travel» турагенттігінің өкілдерінің қатысуымен мазмұнды әрі тағылымды кездесу кеші өтті. Кездесу елорда тарихын кәсіби гидтер арқылы кеңінен танытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында мемлекеттік архив пен туризм саласының өкілдері арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат архив пен гид өкілдерінің кәсіби байланысын нығайтып, тарихи деректерді экскурсиялар мен танымдық бағдарламаларда тиімді пайдалануға жол ашады.
Қатысушылар архив қорларында сақталған Ақмола, Целиноград және Астана кезеңдеріне қатысты бірегей құжаттар, сирек фотосуреттер мен қаланың дамуының маңызды кезеңдерін көрсететін материалдармен танысты. Мұндай деректер елорданың тек заманауи келбетін ғана емес, оның ғасырлар қойнауынан бастау алатын бай тарихын да ашып көрсетеді.
Гидтер тарапынан архивтік материалдарға деген қызығушылық ерекше назар аудартты. Түпнұсқа құжаттар мен нақты тарихи мәліметтерге сүйенген экскурсиялар туристер үшін құнды әрі әсерлі болатыны анық. Алдағы уақытта мұндай серіктестік Астана қаласының тарихын жаңа форматта көрсетуге, туристік бағдарламаларды байытуға және елорда мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.