«Астана қылышы»: Республика күніне орай семсерлесуден республикалық турнир басталды

Астана қаласындағы «Алау» мұз сарайында Республика күніне орай ұлдар мен қыздар арасында семсерлесуден «Астана қылышы» республикалық турнирі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Турнирге еліміздің Алматы, Астана қалаларымен қатар Алматы, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының командалары қатысуда.

Жарыстың ашылу салтанатында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев Сәбитұлы, Астана қаласының семсерлесу Федерациясының басшысы Нүсіпбеков Ержан Естеуұлы қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, әр облыс пен қаладан келген 100-ге жуық семсерлесушілер маршпен жүріп өтті.

Қайырлы күн құрметті спортшылар! Астана қаласына қош келдіңіздер!  Астана қаласында дәстүрге айналған семсерлесуден республикалық турнирдің ауқымы кеңейіп, биыл "Астана қылышы" турнирі Қазақстан Республикасының елордасында он бірінші рет өткізіліп жатыр. Жылдан жылға жастардың көптеп қатысуы қуантады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлудеміз. Бүгінгі жарыс алдымыздағы ұлттық мереке Республика күніне орайластырып ұйымдастырылып отыр. Бұл дегеніміз қаламыздағы өтіп жатқан ауқымды шаралардың – бұқаралық спортты дамытудағы үлкен қадам. Осы орайда, бүгінгі жарысты ұйымдастырған барша азаматтарға еліміздің спорт саласын дамытуға қосқан үлестері үшін зор алғысымды білдіремін. Спортшыларға жеңіс қана тілеймін. Ең мықтылары топ жарсын. Семсерлесуден "Астана қылышы" республикалық турнирін ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер! – деді Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.

Жүзге жуық семсерлесушілер жеке және командалық есепте күш сынасады. Жарыс қарудың қылыш, қанжар және найза секілді үш түрі бойынша өтеді.

«Астана қылышы» турнирі елімізде семсерлесуді кеңінен насихаттау және қазақстандықтардың өскелең ұрпағын зияткерлік күрестің осы түріне тарту, сондай-ақ турнирге қатысатын еліміздің жас спортшыларының спорттық шеберлік деңгейін арттыру және де Қазақстан Республикасының спорттық қатынастарын нығайту және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізіліп отыр. Сондай-ақ «Астана Қылышы» турнирі - 2022 жылдың қараша айының басында Шымкентте өтетін кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты алдындағы дайындық жарысы болып табылады дейді ұйымдастырушылар.

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, тиісті дәрежедегі дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Айта кетейік, Республика күніне орай ұйымдастырылған турнир 16 қазанға дейін жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы