Астана қоқысқа батып жатыр: Тағы бір депутат дабыл қақты
Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Астанадағы тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жүйесінің формалды түрде ғана жұмыс істеп тұрғанын айтып, жағдайды шұғыл реттеуге шақырды. Бұл туралы ол Мәжілісте өткен жиында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, елорда тұрғындары қоқысты бөлек жинағанымен, оны әкететін компаниялардың бәрі бір машинаға тиеп кетуі көпшіліктің сенімін жоғалтып отыр.
Біз үйде тамақ қалдықтары мен қатты қалдықтарды бөлек жинаймыз. Алайда таңертең балам екі контейнерді бір ғана машина келіп бір жерге төгіп жатқанын көрді. Сонда біз не үшін бөлек жинаймыз? – деді Нұргүл Тау.
Оның сөзінше, бұл – жүйенің дұрыс жұмыс істемей жатқанын көрсететін айқын белгі.
Депутат қалдықтарды жинау, сұрыптау және өңдеумен айналысатын операторларға тиісті қаражат уақтылы бөлінбейтінін де айтты. Мәселен, 2024 жылға жоспарланған 7,5 млрд теңгенің орнына небәрі 4,6 млрд теңге ғана төленген.
Егер компанияларға уақтылы қаржы бөлінбесе, олар қызметті қалай дұрыс атқарады? Қаражат жетпеген соң біз қайтадан өртеуге, ең тиімсіз тәсілге жүгініп отырмыз, – деді депутат.
Нұргүл Таудың айтуынша, Астана маңындағы полигондарда заңсыз, тіркелмеген қоқыс үйінділері көбейген. Ол жақында журналистермен бірге қалаға жақын орналасқан бірнеше полигонды аралап, жағдайдың өте ауыр екеніне көз жеткізгенін мәлімдеді.
Президент, Премьер-министр, министрлер отырған Астананың дәл маңында қоқыс тау болып жиналып жатыр. Бұл — масқара жағдай. Қала көз алдымызда қоқысқа батып барады, – деді ол.
Депутат Экологиялық кодексте бұрыннан бар қалдықтарды басқару концепциясын қайта-қайта өзгертіп, жаңасын әзірлеудің қажеті жоқ екенін айтты. Оның пікірінше, бар құжатты тиімді іске асыруға күш салу маңызды.
Концепция бар. Оны жыл сайын қайта жазып уақыт жоғалтпай, нақты іске көшу керек. Астана айналасын тазарту міндеті орындалмай тұр, – деді Нұргүл Тау.
Ол сонымен бірге “Таза Қазақстан” сияқты акциялардан кейін жиналған қоқыстың да қайда жіберілетіні түсініксіз болып отырғанын, кейде ол да қайтадан стихиялық үйінділерге айналып кететінін атап өтті.
Депутат Экология және және табиғи ресурстар министрлігіне қалдықтарды сұрыптау жүйесін күшейту, операторларды қаржыландыруды реттеу және Астана маңындағы заңсыз қоқыс орындарын жедел жою бойынша нақты шешімдер қабылдауды талап етті.