Астана қауіпсіз қалаға айналады: Депутат лифтідегі жағдайға пікір білдірді
Мәслихат депутаты Владислав Сергеев Астанадағы “ақылды қала” жобасына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол мемлекет басшысының екі маңызды тапсырмасының орындалатынын атап өтті.
Бүгін біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асатын жобаны бекітудеміз. Бұл жобаның басты артықшылығы – бюджет қаражатын үнемдеу. Қаламыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекеттік қаржы жұмсамаймыз, барлығы инвестор есебінен іске асады. Және қаржылық модель банктік несиелерсіз құрылды, бұл қосымша пайыздық ауыртпалықтың жоқ екенін білдіреді, – деді Владислав Сергеев.
Оның айтуынша, жаңа жүйе жасанды интеллект технологиясын енгізуді көздейді.
Президент әрдайым жасанды интеллекттің маңыздылығын айтып келеді. Біз осы технологияны пайдалана отырып, қаланы шынымен ақылды етеміз деп үміттенеміз. Жақында ғана қала тұрғындарын лифтідегі баланың қайғылы жағдайы дүр сілкіндірді. Біз енгізетін жаңа қауіпсіздік жүйесі құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлерінің жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жобаны қабылдау арқылы біз қаламызды анағұрлым қауіпсіз етеміз деп сенеміз, – деді ол.
Еске сала кетейік, Астанада "Сергек" камераларының жұмысы тоқтайтын болды. Астана қаласының мәслихаты кезектен тыс сессияда жасанды интеллект арқылы қалалық инфрақұрылымды дамытатын жобаны талқылады.