Астана қаржы орталығы бюджетке 284 миллиард теңге аударды
Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровты қабылдады.
Президентке АХҚО қызметінің 2025 жылғы және 2026 жылдың I тоқсанындағы негізгі нәтижелері, сондай-ақ Орталықты одан әрі дамыту жоспары таныстырылды.
Орталық құрылғаннан бастап тартылған инвестиция көлемі 21,5 миллиард долларға жетті (2025 жылдан бері – 7,2 миллиард доллар). Орталықтың басқаруындағы активтердің жалпы көлемі 5,4 миллиард долларды құрады. АХҚО қатысушылары ел бюджетіне 284,3 миллиард теңге салық төлеп (2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша), былтырдың өзінде 135,9 миллиард теңге аударды, - деді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров.
Салық түсімдері өсуіне негізінен қатысушылар санының артуы және олардың қызметінің жандануы әсер еткен.
Мәселен, 2025 жылдан бастап 1800-ден астам жаңа компания тіркелді. Орталық қатысушыларының жалпы саны 5400-ден асты.
Сондай-ақ, АХҚО органдары мен ұйымдары атқарған жұмыс нәтижелерін баяндады.
AIX биржасы құрылғаннан бері борыштық және үлестік капитал көлемі 12,4 миллиард долларға артты. 2023-2025 жылдардағы сауда-саттық 4 миллиард долларға жетті.
Былтырдан бері АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы 1600-ден астам істі қарады, ал оның жалпы саны 4900-ден асты.
Авиациялық-қаржылық экожүйені дамыту мақсатында Aviation Finance Hub іске қосылғаны туралы мәлімет берді.
Бұл бастама әуе кемелерін қаржыландыру мен лизингті дамытуға, салалық сараптаманы жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ АХҚО геологиялық барлаудың бастапқы кезеңдеріндегі жобаларға инвестиция тартуды көздейтін арнайы платформаны іске қосты.
Орталық венчурлық қорлар мен студиялар және краудфандинг платформалар ашу арқылы өңірдегі креативті индустрияны қолдауға арналған экожүйені дамытуда.
Орталықты одан әрі ілгерілетуге қатысты бірқатар міндет жүктеймін. Осы орайда, АХҚО-ның халықаралық беделін күшейту, реттеуші ортасын жетілдіру, елге капитал тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасау және Қазақстанның қаржы нарығын дамыту мақсатында Орталық тәжірибесін жаппай тарату қажет, - деді Мемлекет басшысы.