7 Қыркүйек 2026, 15:06 Фото: видеодан алынған кадр

Астана-Қарағанды тасжолындағы сұмдық сәтті камера түсіріп алды: Жолаушы қаза тапты

Mercedes басып озу кезінде «Газельмен» соқтығысқан. Көлік кюветке аударылып, жүргізуші мен жолаушы ауруханаға жеткізілді. Бірі көз жұмды.

Ақмола облысында Mercedes-Benz Sprinter көлігі «Газельмен» соқтығысып, жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға 3 қыркүйекте Астана-Қарағанды автожолының 51-шақырымында, Шөптікөл ауылының маңында болған. Бұл туралы Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Жол апатына «Газель» және Mercedes-Benz Sprinter көліктері қатысқан. Алдын ала ақпарат бойынша, Mercedes көлігі басып озу кезінде жолай бағытта келе жатқан «Газельмен» соқтығысқан. Соққыдан «Газельдің» жүргізушісі көлікті басқара алмай, жолдан шығып, кюветке аударылған, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Жол-көлік оқиғасы сәтін «ҚазАвтоЖол» компаниясының жасанды интеллект негізіндегі камералары тіркеген.

Полицияның мәліметінше, апат салдарынан «Газельдің» жүргізушісі мен бір жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілген. Кейін жолаушы алған жарақатынан ауруханада көз жұмды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Әсіресе көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде жылдамдық режимін сақтау және көліктің техникалық жағдайын бақылау қажеттігін ескертті.