Астана қаласында асық атудан тұңғыш Азия чемпионаты өтті

1-4 желтоқсан аралығында Астана қаласының Qsport Center спорт кешенінде   асық атудың тарихында айрықша орын алатын тұңғыш Азия чемпионаты  өтті. Бұлай деп Исламбек Салжанов өзінің әлеуметтік парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Азия чемпионатына Казақстан, Моңғолия, Үндістан, Қытай, Алтай өлкесі (Ресей), Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Пәкістаннан келген 80-ге жуық спортшы қатысты.

Чемпионат аясында барлық командалар тартысты додаға түсіп, тамаша ойын көрсетті. Нәтижесінде асық атудан Қазақстан құрамасының қос командасы бірінші және екінші орын алса, Қырғыз елінің командасы қола жүлдені қанжығаларына байлады. Әйелдер арасында өткен «Бес асық» ойыны бойынша Қазақстан құрамасының командалары алғашқы екі орынды бөліссе, үшінші орынды Моңғолия елінің спортшылары иеленді,- дейді ол.

Ол ғасырлар бойы халықтың зердесінде сақталып келген бұл ойын ұрпақ тәрбиелеудің негізгі құралы екенін айтып өтті.

Себебі, асық ойынында балаға педагогикалық жолмен үйретуге болатын 33 қимыл-қозғалыс, ойлау, есептеу түрлері бар. Әсіресе, қыз балалар ойнайтын «Бес тас» ойыны ептілік, дәлдік, алу, қосу амалдарын үйретулерімен қоса, сергектікке баулитын тәрбиенің көзі. Қазіргі таңда елімізде асық атумен тұрақты түрде айналысатын спортшылардың саны 60 мыңнан асты, өңірлерде 1388 асық ату спортының үйірмесі бар,- дейді ол.

Сондай-ақ ол 2010 жылы қазақтың ұлттық ойынын ұлықтау және оны танымал ету мақсатында азаматтардың ынталы тобымен құрылған «Асық ату» республикалық федерациясы нәтижелі жұмыс жүргізіп жатқанын байқауға болатынын айтты. 

Осы тұрғыда, федерация президенті Талғат Дүйсековке,  атқарушы директоры Жомарт Сабыржанұлына алғысымды білдіремін. «Асығың алшысынан түссін!» - деп тілек айтатын Алаш баласы ұлттық спортқа ден қойса, ертеңгі ұрпағы да тамырынан ажырамайтыны анық. Бүгінгі Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтаймын. Ұлттық спортымызды дәріптеп жүрген сіздерге сәттілік тілеймін,- дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы