Астана – Петропавл тасжолында үш көлік соқтығысып, сәби зардап шекті
Дәрігерлер нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр.
Астана – Петропавл тасжолында Volvo жүк көлігі, Hyundai Genesis және Lada Granta автокөліктері соқтығысты. Апат салдарынан зардап шеккен алты адамның арасында төрт күндік сәби де бар. Нәресте Ақмола облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
Жол-көлік оқиғасы 7 қарашада тасжолдың 312-шақырымында, Көкшетау қаласына жақын маңда болған.
Басылымның мәліметінше, апаттан алты адам зардап шеккен. Олардың арасында нәресте, 13 жастағы жасөспірім, бірнеше әйел және ер адам бар. Жәбірленушілер түрлі деңгейде жарақат алған. Олардың арасында дене жарақаттары мен сүйек сынуы да бар.
Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Hyundai Genesis көлігінің жүргізушісі мен төрт жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілген.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция апаттың себептері мен мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша процестік шешім қабылданады.