Астана өзгереді: Елордаға жаңа мәртебе берілмек
Жаңа құжат елорданың сәулеті, көлік жүйесі, экологиясы мен басқару тетіктерін өзгертпек
Парламент «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын таныстырды. Вице-министрдің айтуынша, заң жобасы Мемлекет басшысы бастамашылық еткен конституциялық реформалардың жалғасы ретінде әзірленген.
Астана бүгінде тек әкімшілік орталық емес. Ол – саяси басқару, экономикалық белсенділік, инвестициялық тартымдылық және қоғамдық даму үдерістерінің негізгі орталығы, – деді Омарбеков.
Оның сөзінше, халық санының тұрақты өсуі мен урбанизацияның күшеюі елорданы басқарудың құқықтық және институционалдық тетіктерін жаңартуды талап етіп отыр.
Астана әкімдігі мен мәслихатының құзыреті кеңейеді
Заң жобасына сәйкес, елорда әкімдігі мен мәслихатының өкілеттіктері нақты айқындалады.
Атап айтқанда, оларға:
- сәулет және қала құрылысы;
- жол қозғалысын ұйымдастыру;
- әлеуметтік қорғау;
- экология;
- туризм;
- коммуналдық мүлікті басқару бағыттарында кең құзырет беріледі.
Сонымен қатар қала маңы аймағының шекарасы мен оны пайдалану тәртібін Үкімет белгілейтін болады.
Астанада көлік пен автотұрақты арнайы орталық басқарады
Заң жобасында көлік инфрақұрылымын басқаруға ерекше назар аударылған.
Енді жол қозғалысын ұйымдастыру және автотұрақ кеңістігін реттеу арнайы Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы арқылы жүзеге асырылады.
Бұл жүйе қаладағы көлік ағынын тиімді басқаруға бағытталған.
Орманды саябақ аймағында құрылысқа шектеу қойылады
Құжатта Астананың орманды-саябақ аймағын қорғауға қатысты да жаңа нормалар қарастырылған.
Ол аймақтар рекреациялық, сауықтыру және экологиялық қорғау функцияларына арналған арнайы аумақ ретінде белгіленеді.
Вице-министрдің айтуынша, бұл аумақтарда экологияға теріс әсер ететін кез келген қызметке тыйым салу ұсынылып отыр.
Астананың бірыңғай архитектуралық стилі енгізіледі
Заң жобасында елорданың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.
Осыған байланысты дизайн-код талаптары:
- ғимараттарға;
- жол инфрақұрылымына;
- сыртқы жарнамаға;
- қаланы безендіру элементтеріне қолданылады.
Құрылыс, реконструкция және абаттандыру жұмыстары осы талаптарға сәйкес жүргізілуі тиіс.
Астанада арнайы сәулет кеңесі құрылады
Жаңа заң жобасы аясында Сәулет-қала құрылысы кеңесін құру жоспарланып отыр.
Бұл кеңес қаладағы және қала маңындағы сәулеттік жобаларды қарап, олардың бірыңғай қала құрылысы саясатына сәйкестігін бағалайды.
Министрліктің пікірінше, мұндай механизм Астананың заманауи әрі үйлесімді архитектуралық келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Заң жобасын қабылдау астананың елдегі саяси, әкімшілік және экономикалық орталық ретіндегі ерекше рөлін нақты айқындауға мүмкіндік береді, – деді Бауыржан Омарбеков.