«Астана Операда» елес қыздар пайда болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ең көне әрі бүгінгі күнге дейін жеткен спектакльдердің бірі – А.Аданның «Жизель» балеті елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынылды.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметінен хабарлағандай, 14 және 15 маусым тұсаукесер күндері залда ине шаншар жер қалмады, алайда, спектакльді әлі тамашалап үлгермеген көрермен үшін 19 маусым күні қойылым тағы сахналады.


«Осынау қиял-ғажайып балеттің ерекшілігі – жұмбақ кейіпкерлер – елес қыздар болды, олардың қатарына ғашығының кесірінен өлімге душар болған Жизельдің өзі де қосылды», -делінген хабарламада.


Қоюшы балетмейстер, Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова көрерменге түпдеректің барлық қыр-сырын жеткізе отырып, «Жизельдің» романтикалық құрылымы мен атмосферасын сақтаған. Осылайша, әлемдік хореографияның айтулы туындысы көрермен қауымды бірнеше ғасырға кейін жетелегендей болды.


Балеттің премьерасы 1841 жылдың 28 маусымында париждік Гранд-операда өтті. Ж.Коралли, Ж.Перро, М.Петипаның өмірге әкелген қойылымы олардың есімдерін әлемдік балет тарихына енгізді. Балеттің негізгі тақырыбы мен идеясы – өлімнен де құтқаруға қабілеті бар орасан зор құдіретке ие махаббат.


Спектакльді бір-біріне ұқсамайтын үш түрлі әртістердің құрамы орындауда: Жизель – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева, Венгр мемлекеттік опера театрының этуалі Әлия Танықпаева және Анастасия Заклинская. Альберт – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, Олжас Тарланов. Мирта – Әсел Шайкенова, Елена Семенова және Еркежан Жүнісова.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы