«Астана Опера» Өзбекстанда алғаш рет «Абай» операсын орындады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Астана Опера" театры Өзбекстандағы гастролін "Абай" операсымен бастады. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметінен хабарлады. 

А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы ташкенттік көрерменге аса жақын болып шықты. Асқақ өнерді бағалайтын өзбекстандықтар қазақ ұлттық классика жауһарын зор қуанышпен қабыл алды. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осынау операны орындау – ерекше маңызды әрі өзекті болды. Спектакльді тамашалауға ниет білдірушілердің көптігі соншалық, Әлішер Науаи атындағы МАҮТ залында бос орын қалмады.

Мұндай жайттың болары әбден түсінікті. Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлын Өзбекстан жұрты біледі, жақсы көреді. 2018 жылы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеёвтың қаулысына сәйкес қазақ ағартушысының шығармашылық мұрасын кеңінен оқу және насихаттау жөніндегі ұйымдастыру комитеті құрылған еді.

Гастроль Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Өзбекстандағы жетекші театрға жиналған жұрт Симфониялық оркестрдің мінсіз жұмысына жоғары баға берді, ұжымның тамаша орындауы көрерменді баурап алып, Абайдың шексіз керемет әлеміне жетеледі. Әйгілі маэстро, қойылымның музыкалық жетекшісі, аты аңызға айналған композитор Ахмет Жұбановтың шөбересі Алан Бөрібаевтың партитураны жеткізе білуі ерекше: музыкалық материал анық-қанық түсіндіріліп, ой шыңының асқақ биігінде оқылған.

Операны Мұхтар Әуезовтың либреттосына ұлттық өнер мен әдебиеттің көрнекті қайраткерлері А.Жұбанов және Л.Хамиди жазған. 1944 жылы премьерасы өтіп, сыншылар тарапынан қазақ музыкалық жауһары деп танылған. Ол қазақ халқының данышпаны Абай Құнанбайұлының тіршілігі, құндылықтары, арман-мұраттары жайында сыр шертеді. Туындыда сол заманның тынысы, тұрмысы дәл жеткізілген.

«Абай» операсы – ұлттық классика жауһары, композиторларымыз А.Жұбанов пен Л.Хамидидің асқар туындысы болып табылады. Ол өзбек көрермендерінің ерекше ықыласын тудырды. Біздің дәстүрімізді, мәдениетіміз бен рухани байлығымызды көрсету үшін спектакль гастрольдік афишаға енген. Мәдениеттің халқымызды жақындастыратынына сөз жоқ», - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Өкілетті Елшісі Дархан Сатыбалды.

Бұл қойылым Абайдың ғана емес, тұтастай қазақ халқының рух асқақтығын көрсетті. Операның соңы үлкен отаншылдық пен мақтаныш сезімін тудырды. Соңғы аккордтар дыбысымен залдағы тыңдарман қауым орындарынан тұрып, ду қол шапалақтарымен әртістерге қошемет көрсетті.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы