«Астана Опера» XIV театр маусымын «Абай» операсымен ашты
«Абай» операсы бүгін, 5 қыркүйекте қайта сахналанады.
«Астана Опера» XIV театр маусымын Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің Мұхтар Әуезов либреттосына жазылған әйгілі «Абай» операсымен ашты. Қойылым қос композитордың туғанына 120 жыл толуына орай сахналанды.
Спектакль алдында театр фойесінде тақырыптық инсталляциялар ұсынылып, әртістер опера авторларының шығармашылық үндестігін сахналық көрініспен жеткізді. «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындау кезінде хорға көрермендер де қосылды.
Қойылымды қазақстандық және италиялық өнерпаздар бірлесіп дайындаған. Шығармашылық топ құрамында Есмұхан Обаев, Ержан Дәуітов, Джанкарло дель Монако, Эцио Фриджерио және Франка Скуарчапино бар. Маусымның ашылуында оркестрге Алан Бөрібаев дирижерлік етті.
Кеш соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан театр ұжымына гүл шоқтары табысталды.
XIV маусымда көрерменге «Чарли и Ирэн», «Томирис» балеттері және балаларға арналған «Арман» музыкалық спектаклі ұсынылады. Сондай-ақ театрдың гастрольдік бағдарламасы жалғасып, балет труппасы «Жизель» және «Щелкунчик» қойылымдарымен Италияда өнер көрсетеді.
«Абай» операсы бүгін, 5 қыркүйекте қайта сахналанады.