«Астана Опера» театрының камералық залына Күләш Байсейітованың есімі беріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана Опера» камералық залы ұлы тұлға Күләш Байсейітованың есімімен аталатын болады. Осынау атаулы күннің құрметіне орай 13 қыркүйекте «Қазақтың бұлбұлы» концерті өтеді.
Бүгінгі таңда «Астана Опера» Камералық залы – көптеген музыканттар өнер көрсетуге ұмтылатын еліміздің беделді концерттік алаңы. Бұл зал классикалық мұраны сақтап, жаңарып отыратын қазақстандық қоғамның рухани сұраныстарын іске асыратын қазақ және әлемдік музыка мәдениеті дәстүрлерін тасымалдаушы. Аталмыш сахнада Қазақстанның ғана емес, дүние жүзінің әйгілі әртістері өз өнерлерін паш еткен, қазір де өнер көрсетіп жүр. Камералық залдың бұдан кейін Күләш Байсейітова залы боп аталуы біз үшін зор құрмет. Ол «КСРО халық әртісі» жоғары атағының алғашқы иегерлерінің және сол атақты жас кезінде алған тұлғалардың бірі. Оның табиғи музыкалық дарыны мен әлемдік музыканың асыл қазынасына қалдырған бейнелер шоғыры біздің жадымызда. Ол сомдаған Шұғаның бейнесі әншінің шеберлік тұрғыдан өскенін көрсетті, ал Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз-Жібек» операсындағы Жібектің партиясы әншіге классикалық опера өнерінің шыңына көтерілуге жол ашты, - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров.
Бұдан бөлек, көптеген әртістеріміз Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында жұмыс істеп, көрнекті әншіге деген махаббаты мен құрметін сақтап, өздерімен «Астана Операға» тамаша опералық дәстүрлерді ала келді. Асқақ өнерге орындаушылық өнердің жұлдыздарына айналған он мыңдаған түлек сыйлаған тамаша музыка мектебі жұмыс жасайтын Алматы қаласымен қатар, енді қаламызда Күләш Байсейітованың есімі қайта жаңғыратыны қуантады, - деп сөзін қорытындылады театр директоры.
Осы маңызды оқиға қарсаңында Күләш Байсейітованың қызы – Қарлығаш Байсейітова өзінің балалық шағы туралы жылы естеліктерімен бөлісті, өзінің мейірімді және қамқор анасының арқасында қандай бақытты болғаны туралы көп әңгімеледі. Ол елорданың мәдени өмірі үшін «Астана Опера» камералық залының аты аңызға айналған тұлға Күләш Байсейітованың есімімен аталуы үлкен қуаныш екенін атап өтті. Қызы анасының алғыс хаттарының бірнеше көшірмесін, сондай-ақ әйгілі әншінің жеке мұрағатынан алынған фотосуретті театрдың арт-галереясына тапсырды. 13 қыркүйекте театр фойесінде айтулы оқиғаға орай көрме өтеді.
Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында өнер көрсететін барлық әртістерге табыс тілеймін, премьералар мен концерттер одан да көп болсын деп тілегім келеді, – деді Қарлығаш Байсейітова.
Күләш Байсейітованың: «Біздің міндетіміз – сахнада шынайы бейнелер жасау және біз ешқашан шегіне жеттік деп айтуға құқығымыз жоқ», –деген сөздері шығармашыл жастарға жолданған өсиет тәрізді.
Театрдың Камералық залының тарихы 2013 жылдан бері басталғанына қарамастан, мұнда көптеген керемет оқиғалар орын алды. Осы залдың салтанатты ашылуы 8 жыл бұрын 1 қазан – халықаралық музыка күнінде өтті. Кештің басты қонағы әдемі меццо-сопрано дауысының иегері Дариға Назарбаева болды. Ол концертте пианист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеевпен бірге өнер көрсетті.
Камералық залда өскелең ұрпаққа арналған түрлі бағдарламалар, соның ішінде жақында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-сұлтан қаласы әкімдігімен бірлесіп құрылған «Театр сабағы» жобасы жүзеге асырылуда. 2019 жылдан бері Камералық залда «Piccolo театры» немесе «Шағын театр» жобасы таныстырылды, онда опера-буффаның 2 тұсаукесері сәтті өтті.