Кеше 2026, 21:49 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Астана Опера» театрында Ұлттық домбыра күніне арналған көрме ашылды

Көрме театр шығармашылығындағы домбыраның ерекше орнын таныстыруға арналған.

Ұлттық домбыра күніне орай «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында «Басты рөлде – Домбыра» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.

Экспозиция театрдың фойесіне қойылған. Оны театрға қойылым көруге келген көрермендер мен экскурсияға қатысқан қонақтар тамашалай алады.

Көрме театр шығармашылығындағы домбыраның ерекше орнын таныстыруға арналған. Мұнда бейнематериалдар мен мұрағаттық құжаттар арқылы ұлттық аспаптың театр өнеріндегі рөлі және қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасын дәріптеудегі маңызы көрсетілген.

«Астана Опера» репертуарындағы қазақ классикалық музыкасы мен тарихи тақырыптағы ұлттық қойылымдарда домбыра үні айрықша мәнге ие. Атап айтқанда, Абай, Қыз Жібек, Біржан – Сара және басқа да қойылымдарда ұлттық аспап кейіпкерлердің болмысын терең ашып, дәуірдің рухын сезіндіреді әрі сахнадағы оқиғаны ұлттық құндылықтармен сабақтастырады.