«Астана Опера» театр фестивалінде «Жизель» балетін ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ТеатрALL театр фестивалі алаңында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры көрермендерге репертуарындағы ең танымал «Жизель»  балетін ұсынды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.


Француз композиторы Адольф Аданның екі актіден тұратын «Жизель» балеті алғаш рет 1841 жылы жарық көрді. «Астана Опера» театрының сахнасында оның премьерасы 2019 жылы өтті және әлі күнге дейін көрермендер арасында танымал.


Біз ТеатрALL фестивалі аясында «Жизель» балетін ұсындық. Бұл балет - классика, ол айтарлықтай күрделі, бірақ өте қызықты. Бұл балетте мен Миртаның рөлін орындаймын. Мирта - техникалық жағынан да, эмоциялық жағынан да күрделі партия. Егер техника тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда өте жақсы дайындық пен шыдамдылықты қажет ететін үлкен секірістер көп. ТеатрALL фестиваліне мен одан әрі өркендеу, жарқын қойылымдар, қызықты спектакльдер, көрермендер мен қошемет тілеймін, - деqді «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының әртісі Еркежан Жүнісова.


Еске сала кетейік, елордада «Астана Опера» МОБТ әртістерінің орындауында әйгілі «Қыз Жібек» операсы театр фестивалін ашқан болатын. Мұндай таңдау кездейсоқ болған жоқ, өйткені биыл «Қыз Жібек» қазақ фильмінің экранға шыққанына 50 жыл толады.


Фестиваль Нұр-Сұлтан қаласында 28 қазаннан 1 қарашаға дейін өтті. Оған елордалық 13 театр және Ресейден шақырылған екі ұжым қатысты.


Барлық іс-шараға кіру Ashyq қосымшасы арқылы жүзеге асырылды, сондай-ақ санитарлық нормалар мен карантин талаптары сақталды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы