«Астана Опера» Наурызды қарсы алуға шақырады

Астана, BAQ.KZ. 21 наурызда елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына Қош келдің, Наурыз!» музыкалық кеші ұсынылмақ.

Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Камералық залда өтетін концерт сағат 18:00-де басталады.

«Осынау көне мейрам барша түркі халықтар үшін көктемнің жаршысы, табиғаттың жаңарып, гүлдену шағы, махаббат пен достықтың нышаны болып табылады. Театр ұжымы атынан қымбатты тыңдармандарымызға ыстық лебізімізді білдіріп, Наурыз мерекесі әрбір шаңыраққа молшылық, құт-береке, сәттілік ала келсін деп тілейміз. Жүректеріңіз қуанышқа толсын, ал жаныңызда әрдайым жақсы әуен шырқалсын», - деп атап өтті орындаушылар.

Бағдарламаға көпшілік сүйіп тыңдайтын қазақ халық әндері, отандық композиторлардың вокалдық және аспаптық туындылары, ұлттық опералық классикадан ариялар мен сахналық көріністер енген.

Мерекелік кешке вокалистер – «Астана Опера» солистері Салтанат Мұратбекова, Әсем Сембина, Шыңғыс Расылхан; Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Ержан Саипов, Ақылбек Табынбаев, Руслан Совет, Мағжан Аманжолов, Ұлпан Әубәкірова, Гүлсара Жазитова, Азат Мәлік, Алмат Ізбамбетов қатысады. Сондай-ақ Камералық зал сахнасына аспапшы музыканттар – «Dolce» скрипкашылар ансамблі, Раушан Бескемпірова, Әбдіахмет Оразбақов (фортепиано), Ақмарал Байқуатова (қобыз) шығады.

Бұдан бөлек, 22 және 23 наурыз мереке күндері елорда тұрғындары мен қонақтарына ұлттық классикамыздың жауһар туындысы – Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы ұсынылады, ал 24 наурызда Ұлыстың Ұлы күніне арналған «Жанымды тербеткен әуен» атты хор музыкасына арналған концерт өтеді. Дирижер Гүлмира Құттыбадамованың жетекшілігімен Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы Камералық хорының орындауында хор музыкасының озық туындылары шырқалады. 28 наурызда ең жас көрермендерге театрдың шығармашылық ұжымы Тілеуғазы Бейсембектің «Самұрық келген таң» музыкалық ертегісін ұсынады, 27 наурызда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін осы спектакльдің қайырымдылық көрсетілімі өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы