«Астана Опера» Италия мен Литвада өнер көрсетеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана Опера» балет труппасының Еуропа қалалары бойынша гастрольдік афишасына А.Хачатурянның әйгілі «Спартак» балеті енген, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.
Әртістер аталмыш қойылымды Римде 1-2 шілде күндері Teatro dell'Opera di Roma театрында сахналайды, ал үш күннен соң – 5 шілдеде керемет гала-балет бағдарламасымен Литваның Каунас қаласында өнер көрсетеді. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова.«Спартак» балетіндегі басты партияны Италия астанасы көрермендерінің, сондай-ақ Генуя, Милан, Равенна және Сполето жұртының ыстық ықыласына бөленген биші Бақтияр Адамжан орындайды.
"Красстың партиясын Арман Оразов дайындауда, Эгина – Әсел Шайкенова, Гладиатор – Серік Нақысбеков. Бұл атақты балеттің 20-дан астам нұсқасы бар, ол дүние жүзі бойынша қойылуда, бірақ көрнекті балетмейстер Юрий Григоровичтың үлкен театрда қойған «Спартагы» ең үздік болып табылады, оны хореографтың өзі «Астана Опера» сахнасына алып келген, енді осынау балет өнерінің жауһарын римдік жұртшылық тамашалайды. Әр күндері «Астана Опера» Симфониялық оркестріне Абзал Мұхитдинов пен Арман Оразғалиев жетекшілік етеді", - делінген таратылған ақпаратта.
Театр труппасының өнерін литвалық көрермен 5 шілде күні тамашалайды. Екі бөлімнен тұратын бағдарламаға – классикалық балеттерден па-де-де, отандық әрі шетелдік заманауи хореографтардың миниатюралары енді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева мен Бақтияр Адамжанның орындауындағы М.Жаррдың музыкасына ХХ ғасырдағы ұлы балетмейстер Р.Петидің хореографиясындағы «Париж Құдай анасының соборы» балетінен дуэт пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гаухар Усина мен Рүстем Сейітбековтің орындауындағы Ж.Бизенің музыкасына Р.Петидің хореографиясындағы «Кармен» балетінен дуэт Гала кештің інжу маржанына айналмақ.
Сондай-ақ бағдарламаға қазақстандық композитор А.Райымқұлованың музыкасына белгілі швейцариялық балетмейстер Ксения Звереваның хореографиясындағы «Заман тынысы» балетінен екі дуэт енген. Дуэтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова мен Олжас Тарланов ұсынады. Тартымдылығы жағынан еш кем түспейтін тағы бір нөмір – Дж.Уильямстың музыкасына «Жоғалған жұмақ» көрінісін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гаухар Усина мен Жәнібек Иманқұловтың интерпретациясында тамашалауға болады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы