"Астана Опера" "Дон Карлос" операсын ұсынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана Опера» елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына әлемдік классика жауһары – Дж.Вердидің «Дон Карлос» операсын ұсынады.

Қазіргі таңда театр тұтастай композиторге «бағынышты»: сахнада оркестр, хор музыканттары мен солистер дайындалуда, цехтарда декораторлар, костюмерлер мен бутафорлар соңғы әзірлік жұмыстарын жүргізуде.  Премьера қазанның 11 және 13 күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің көмегімен өтеді.


1 қазан күні опера әлемінің «Оскары» (Opera Star 2019, үздік режиссер) деп аталатын ең беделді марапатқа ие болған итальяндық қоюшы режиссер Давиде Ливермор «Астана Опера» труппасымен бірінші рет жұмыс жасап отырған жоқ. Маэстро елордалық театр үшін Дж.Пуччинидің «Турандот» және П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин»
операларының ғаламат премьераларын жүзеге асырды. Д.Ливермор оған жүктелген жауапкершіліктің мол екендігін атап өтті – Қазақстанда алғаш рет «Дон Карлос» операсын ұсынып, жергілікті көрерменнің Дж.Вердиді одан сайын жақсы көруіне бар күш-жігерін салу міндеті тұр.


"Осынау партитураның қуаты мен маңыздылығын барша адам сезінетіндей етуге тырысып бағамыз. Саяси араздықтан бөлек, бұл опера әрбір кейіпкердің жалғыздығы жайында сыр шертеді. Бір жағынан, адам бай, ауқатты, орасан зор билікке қол жеткізген болады, алайда, екінші жағынан, ол бақытсыз әрі жалғыз болмақ", - деп атап өтті Давиде Ливермор.


Бұл операда «өтпелі-кетпелі» кейіпкерлер жоқтың қасы, барлық алты негізгі партия сюжет пен музыкалық материалдың дамуында жетекші рөл атқарады. Композитор барлық дауысқа – тенорға, баритонға, үш (!) басқа, сопрано мен меццо-сопраноға арнап көптеген хит әуендер жасаған. Опера Вердидің ең әсерлі шығармаларының бірін драматизммен толтыра алатын жетекші әртістерге есептелген.

Басты Дон Карлос партиясы өте қарқынды, онда көптеген диалогтар мен әрекеттер бар. Өткен ғасырдың орта тұсынан бастап Карлостың рөлі барлық атақты тенорлардың репертуарынан орын алады.
Дон Карлос партиясын Медет Чотабаев пен Наоюки Окада (Жапония) әзірлеуде. 


"Маған операның әуезділігі, оның керемет музыкасы ұнайды. Қазір қызу дайындық жүргізілуде, әрқайсымыз спектакльдің сәтті өтіп, тыңдарман көңілінен шығуына тырысып, бар күшімізді салып жатырмыз. Мен үшін бұл тың дүние, орасан зор жұмыс атқарып, асқан шеберлікті паш ету қажет, бұл партия жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Барлық қойылым тобымен, оның ішінде, әлбетте, режиссер Давиде Ливермормен бірге жұмыс жасау өте қызықты", - дейді Медет Чотабаев.


Көлемді тарихи көйлектер «Астана Опера» тігін шеберханасының сәнін келтіруде. Оларды дайындауға қанша мата орамы кеткенін тіпті елестетудің өзі қиын. Бір костюмге шамамен 120 метр жиектеме кеткені белгілі. Маталар тарихи дәуірді сипаттауы қажет, алайда «заманға сай емес» осындай кездемені табу қиынға соқты, бүгінде олар мүлдем
қолданылмайды. Костюмдер бойынша суретшілер Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов – өз ісінің хас шеберлері, олар қоюшы режиссердің таңғажайып әрі ерекше идеяларын нақты іске асыра алды.

Осы қойылым бойынша жасап жатқан жұмыс барысы маған өте ұнайды, бас кезінде біршама күрделі болды. Дәуір тынысын сезініп, сол замандағы костюм тарихына үңілген соң, менің спектакльге деген көзқарасым өзгерді. Сол кездегі испан ақсүйектерінің костюмдері өте стильді болған, бұл материалдарға, үлгілерге, пішімдерге, тіпті әрлеу,
өңдеу жұмыстарына байланысты. Осындай киім үлгілерін ойлап шығарған сол замандағы адамдардың қиялына таң қаламын. Сюжет бойынша атмосфера түнеріңкі, соған орай костюмдер де қара реңкте жасалған. Бірақ әрлеудің арқасында олар өте ұтымды көрінеді: жиектеме, парча, тастар, сәндік түйреуіштер, інжу тастармен олар ерекше сәнді болды, - деді Софья Тасмағамбетова. – Алдымызға қойылған нақты тапсырма болды – режиссер
спектакльді тарихи сипатта көргісі келді. Сол дәуірдің костюмі – өте көріністі, алайда, сол заманды дәлме-дәл қайталамайды, тек соған сәйкестендіріп жасалған. «Астана Операның» барлық спектакльдері ғаламат, театр труппасымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау – біз үшін әрдайым қызықты әрі жанымызға жайлы.

Ерлерге арналған киім үлгілеріне костюмдер бойынша суретші Павел Драгунов жауап береді. Оның айтуынша, операдағы іс-әрекет екі буынға алға жылжыған.

Костюмдеріміз IV Филипп патшаның билік еткен кезеңіндегі сән ережелері бойынша жасалды. Ұлы суретші Диего Веласкестің кескіндемесіне сүйендім. Ол менің ең сүйікті суретшілерімнің бірі, оны өзімнің ұстаздарымның бірі деп санаймын. Театрлық жобалардан бөлек, портрет жасаумен айналысамын. Бұл дәуір маған етене жақын әрі
түсінікті. Сол кездегі ақсүйек қауым, әдетте, қара түсті қарапайым костюмдер киген.

Инквизиция көз тартатын жарқыл безендірулерді, мысалы, шілтер жағаларды, әсіресе, ер адамдардың киіміндегі сәнді жақтырмаған. Сондықтан түрлі фактуралар жиі қолданылды, олардың үйлесімі костюмдердің сәнін келтіре түсті. Веласкестің кескіндемесінде бейнеленген кейіпкерлердің киімінен көруге болатын тігістей жинақы болғанына
қарамастан, киім үлгілері қарапайым емес, талғамды болып келеді. Сол дәуірдің тақуалығын костюмдердің жағасынан анықтауға болады, оларға деген сән сәт сайын ауысқан: фрезадан (гофрленген жаға) бастап ықшамды қайырма жағаға дейін өзгерген.


Сән-салтанаты келіскен костюмдермен қоса, жиі ауысып отыратын көлемді декорациялар да көрерменді жалықтыра қоймас. Қоюшы сценограф Кристиана Пикко жаңа, тың идеяларын ортаға салды, ал оларды іске асыру «Астана Операның» қойылым цехтарына оңайлыққа түскен жоқ. Спектакль барлық қырынан алғанда бірегей, ол өзге әлемдік театрлардың режиссерлік шешімдерін қайталамайды.


Декорацияларды сәулетті бутафориялар толықтырады, шеберлер олармен екі ай бойы жұмыс жасаған.
Міне, бутафорлардың XVII ғасыр технологиясы бойынша жасаған тігуге арналған жақтаулары, оларды бүгінгі таңда да қолдануға болады. Жалаулар, байрақтар, шайқасуға арналған айбалталар, семсерлер, сондай-ақ желпуіштер солистердің қолдарына берілген.


Бәрінен де шағын мүсін – кіресті дайындауға көбірек уақыт кеткен, оның биіктігі екі жарым метрді құраған, салмағы 8 келі. Шынайы көрінетін қызыл жалыны бар жарықтар сарайдың қаракөлеңкелі суреттерін жарықтандыратын болады. Әртүрлі ұсақ бөлшектерді тастармен әшекейлеп, қажырлы еңбекті талап ететін дүниелерді бутафорлар жасап шығарған. Бұдан бөлек, олар ағаштан жонып, қоңырау жасаған, оны қола түске бояп, ішіне дыбыс шығаратын кішкентай сылдырмақ орнатқан. Патшайымның қобдишасы алюминиймен қапталған, тоғысқан жерлеріндегі арнайы тойтармалар балқытып сомдау арқылы жасалғандай көрінеді.

Елизавета патшайымның рөлі опера сахнасының жұлдыздары Майра Мұхамедқызы мен Жаннат Бақтайға берілген.


Елизавета партиясында барлығы: вокал да, актерлік шеберлік те күрделі. Патшайым болған қандай? Яғни, бұл сымбаттылықты, қимыл-қозғалыстың айрықша икемділігін, кербездігін қажет етеді. Елизавета жас, ақылды, өктем жан, көрермен менің патшайым екеніме сенетіндей етіп бейнені жасауым керек. Осы партияға дейін менің репертуарымда тек ғашық немесе қаза болатын қыздар ғана болды. Қазір өз бейнемді іздеудемін: ол не
туралы ойлайтынын, оның қандай сезімде болғанын түсінгім келеді. Елизавета – азап шегуші әйел – Дон Карлосты жан-тәнімен сүйеді, бірақ патшаның алдында өзінің адалдығын, ар-намысын сақтайды. Дайындық жасап жүріп, мен олардың өмірі қандай қиын болған деп ойланамын. Мысалы, бүкіл әлем Филипп патшаның аяғының астында,
бірақ оны ешкім жақсы көрмегендіктен, ол азап шегеді. Осындай сәттерде мен өзімді бақытты опера әншісі санаймын, себебі әртүрлі кейіпкерлердің тағдырын бастан өткізіп, қайта өзімнің қалпыма келе аламын, - деп бөлісті Майра Мұхамедқызы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы