Астана не себепті жарықсыз қалғаны белгілі болды
Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов елордада 29 қазан күні жарықтың не себепті сөніп қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
29 қазан күні сағат 21.57-де Астана ЖЭО-2 сыртқы тарату қондырғысында апат болып, Астана ЖЭО-2-ге қосылған 10 қосалқы станса электрсіз қалды, - деді ол.
Астана қаласы әкімінің орынбасары апаттың нақты себебін атады.
Төтенше жағдай шина ажыратқышының жарылуы салдарынан болды. Осының салдарынан қысқа тұйықталу болды. Сөйтіп кеше сағат 21:57-де он қалалық қосалқы станса сөніп қалды. Мұның салдарынан оң жағалауда энергия беру шектелді. Сағат 23:00-де әуежай қосалқы станциялары іске қосылды. Сағат 23:10-да «Бәйтерек» қосалқы стансасы қосылды. Осылайша түнгі сағат 2-ге дейін барлық қосалқы станция іске қосылды, - деп түсіндірді Нұрлан Нұркенов онлайн брифингте.
Оның сөзінше, екінші станцияның жұмысында ешқандай технологиялық үзіліс болмаған. ЖЭО-2 жұмысын жалғастырды және қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Сонымен қатар төтенше жағдай бір жарым сағат ішінде жойылып, түнгі сағат 2-де барлық абонентке электр қуаты берілді.
Нұркенов атап өткендей, Алматы, Байқоңыр және Сарыарқа аудандарында барлығы 100 мыңнан астам абонент электр қуатынсыз қалған болатын. Апаттың себебін жою үшін шұғыл қызметтер дереу жұмылдырылды.