«Астана Наурызы - 2019» байқауының марапаттау рәсімі өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Жастар театрында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына орай «Астана Наурызы-2019» қалалық байқауының қорытынды марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы мекеменің баспасөз қызметі хабарлады.
Қалалық байқау 14-22 наурыз күндері елорда алаңдарында киіз үй тігіп, мерекелік бағдарлама ұйымдастырған Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен ұйымдар, компаниялар және басқа да 40-тан астам мекеме арасында өтті.
Белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен қаламгерлерден құралған қазылар алқасы аталған күндері қаланың барлық алаң, саябақ, тұрғын алаптарын аралап, киіз үйлердің ұлттық нақышта безендірілуі, Наурыз мейрамын қарсы алу рәсімдері мен ұлттық дәстүрлерді көрсетуі, ұлттық тағамдарды ұсынуы, іс-шараның мазмұндылығы, киімдердің ұлттық нақыштағы деңгейі сияқты шарттарға назар аударып, бағалау жүргізген болатын.
Бүгін аталмыш байқаудың өту барысы және елорда көшелерінде ерікті жастардың қатысуымен өткен «Астана Наурызы» акциясы жайында бейнематериал көрермен назарына ұсынылса, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің өнерпаз студенттері Наурыз мейрамынан сахналық көрініс қойды.
Байқауда көп ішінен дараланған қала тұрғындары мен мекемелер төмендегідей жүлделерге ие болды:
Бас жүлде Нұртай Әбіқайұлы басқаратын «Отандастар» қорына бұйырса, Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы, Білім басқармасы мен Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармалары Наурыз мейрамын елорда көлемінде жоғары деңгейде атап өткені үшін марапатталды.
Бұдан бөлек, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы «Үздік салт-дәстүр» аталымы бойынша топ жарса, Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы «Үздік безендіру», Халықаралық бағдарламалар орталығы «Үздік дастархан», Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры «Үздік бағдарлама» және Нұр-Сұлтан қаласы кәсіподақ орталығы «Үздік ұлттық киім» аталымы бойынша марапатталды.