9 Тамыз 2026, 08:21 Фото: pexels.com

Астана мен тағы үш қалада ауа сапасы нашарлауы мүмкін

Қолайсыз метеорологиялық жағдай – атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін желсіздік, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді факторлардың үйлесуі.

9 тамызда Қазақстанның төрт қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) күтіледі. Синоптиктер тұрғындарға ауа сапасының нашарлау қаупін ескеріп, қозғалысын жоспарлауды ұсынды.

Мамандардың мәліметінше, 9 тамызда ҚМЖ Ақтөбе, Алматы және Астана қалаларында, ал түнде Атырауда болжанады.

Қолайсыз метеорологиялық жағдай – атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін желсіздік, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді факторлардың үйлесуі.

Мұндай жағдайда елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы төмендеуі мүмкін. Бұл адам денсаулығына кері әсер етуі ықтимал.

Ауадағы ластану деңгейіне желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы және температура сияқты синоптикалық факторлар әсер етеді.

ҚМЖ кезінде не істеу керек?

Мамандар тұрғындарға:

  • ашық ауада болу уақытын қысқартуды, әсіресе көлік жолдары мен ластану көздеріне жақын жерлерде ұзақ жүрмеуді;
  • балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартуды;
  • ашық ауада физикалық жүктемені шектеуді;
  • дене шынықтыру мен спортпен жабық спорт кешендерінде айналысуды ұсынады.

Ал өкпенің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға далаға шыққан кезде қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру ұсынылады.