Астана мен Алматы мектептерінде жүзу пәні енгізіледі
Қазақстан мектептерінде жүзу пәні 2026 жылы пилоттық жоба ретінде енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстанның су спорты түрлері федерациясының бас хатшысы, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин мәлімдеді.
Белгілі болғандай, Оқу-ағарту министрлігі ең алдымен жобаны Астана мен Алматы мектептерінде сынақтан өткізіп, кейін басқа қалаларға енгізуді жоспарлап отыр.
Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, жүзуді дене шынықтыру жүйесіне енгізетін және оны мектептегі дене тәрбиесі пәнінің құрамдас бөлігіне айналдыратын арнайы бағдарламаны әзірлеу және іске асыру жоспарланып отыр, – деп атап өтті Баландин.
Айтуынша, жобаны жүзеге асыруға елдегі инфрақұрылым жеткілікті – бүгінде олимпиадалық деңгейдегі бассейндер де бар. Сондай-ақ бұл бастама АҚШ, Австралия және Венгрияның тәжірибесіне негізделген. Бұл елдерде балаларды жүзуге үйрету мектеп жүйесінің міндетті бөлігі болып саналады және ол бұқаралық спорттың дамуына әрі судағы қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді.
Еске салайық, бұған дейін 2026 жылы спорттың цифрлық платформасы іске қосылатынын хабарладық.