Астана мектептерінде буллингке қарсы бағдарлама іске қосылады
Елордада оқушыларды кәсіби психологиялық көмекпен қамтамасыз ету және оқу орындарында буллингтің алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елорданың бес ауданында оқушыларға, ата-аналарға тегін психологиялық-консультациялық көмек көрсету кабинеттері құрылды (Қаланың әдістемелік орталығы, «Ұстаздар үйі», №22 ШГ, № 54 МЛ, № 88 МЛ базасында).
2024 жылдың басынан бері онда 142 бала мен 156 ата-анаға (2023 жылы 264 бала мен 254 ата-ана) консультациялар өткізілді.
Енді елордада қалалық психологиялық қолдау орталығын ашу жоспарлануда. Орталық базасында диагностикалық, түзету-дамыту, консультациялық, психопрофилактикалық қызметтер жүзеге асырылатын болады.
Елорданың мектептері мен колледждерінде психологпен тікелей байланысуға және консультациялық көмек алуға мүмкіндік беретін QR-кодтары бар ақпараттық тақтайшалар орналастырылған. Балалар мен олардың ата-аналары сұрақтарға жауап ала алады, сонымен қатар оқушылар арасында туындаған мәселелер бойынша шаралар қолдана алады, - делінген ақпаратта.
Биыл білім беру ұйымдарында буллингке қарсы бағдарламаны іске асыру жоспарлануда.
Ол үшін пилоттық жобаға 5 мектеп (Алматы ауданының № 72 мектебі, Байқоңыр ауданының № 16 мектебі, Нұра ауданының № 79 мектебі, Есіл ауданының № 24 мектебі, Сарыарқа ауданының № 6 мектебі) енгізілді.
Осы бағдарлама шеңберінде қорқытудың алдын алу және азайту (сабақтар, тақырыптық кезекшіліктер, бірлескен оқулар өткізу), буллингтің анықталған жағдайларын шешу бойынша іс-шаралар өткізілетін болады. Сондай-ақ мұғалімдерді оқушылардың мазасыздық дәрежесін анықтау дағдыларына оқыту жоспарлануда.