14 Қазан 2026, 11:00 Фото: ©El.kz/Айгерим Бәбіш

Astana Media Week 2026: Жасанды интеллект журналистиканы қалай өзгертеді?

Астанада медиа саласының өкілдері бас қосты. Үш күнге созылатын Astana Media Week аясында журналистиканың болашағы, жаңа технологиялар және аудитория сенімі талқыланады.

14-16 қазан аралығында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Astana Media Week 2026 медиа апталығы өтіп жатыр. Іс-шараға Қазақстанның және шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар мен технологиялық компаниялардың өкілдері қатысуда. Биылғы басқосуда жасанды интеллектінің журналистикаға ықпалы, редакция жұмысын трансформациялау, контент өндіру және аудитория сенімін сақтау мәселелері талқыланады.

Медиа апталықтың алғашқы күні қандай мәселелер талқыланады?

Astana Media Week 2026 бағдарламасындағы алғашқы күннің басты оқиғасы – «MEDIA. HUMAN. AI: 10 жылдық трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы» атты пленарлық сессия.

Жиында заманауи ақпараттық кеңістіктегі журналистиканың рөлі, жасанды интеллектіні медиа саласына енгізу тәсілдері және аудитория сенімін сақтаудың жолдары қарастырылады.

Талқылауға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, халықаралық технологиялық компаниялардың және ЮНИСЕФ-тің өкілдері қатысады. Сессияны Euronews компаниясының Әзербайжандағы өкілі жүргізеді.

Технологияларды пайдалану кезіндегі жауапкершілік мәселесі «AI, IT & MEDIA: жауапкершілік шекарасы» атты пікірталаста жалғасады. Сонымен қатар жасөспірімдердің жас ерекшеліктеріне сай цифрлық орта қалыптастыруға арналған практикалық семинар ұйымдастырылады.

Қазақстандық контентті әлемдік аудиторияға қалай ұсынуға болады?

Медиа апталықтың тағы бір маңызды бағыты – Қазақстан мен Орталық Азия туралы ақпаратты шетелдік аудиторияға жеткізу.

«Central Asia in English: Неліктен аударма бізді жаһандық деңгейге шығармайды?» атты редакциялық зертхана аясында медиа өкілдері халықаралық ақпараттық кеңістікке арналған контент әзірлеу мәселелерін талқылайды.

Кездесуде ағылшын тіліндегі журналистиканы дамыту, Қазақстан мен Орталық Азияның ерекшеліктерін шетелдік оқырманға түсінікті жеткізу және редакциялар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударылады.

Екінші күні ақпараттық саясат пен жарнама нарығы талқыланады

15 қазанда медиа апталықтың қатысушылары Қазақстанның ақпараттық саясаты, отандық контентті дамыту және жарнама нарығының экономикасы жөніндегі мәселелерді қарастырады.

Бағдарламаға «Қазақстанның ақпараттық саясатындағы жаңа ережелер» атты сарапшылық кездесу, «Qazaq Creative Power: қазақстандық вайбты кім қалыптастырады?» пікірталасы және жарнама медианарығының жаңа экономикасына арналған сессия енгізілген.

Практикалық бөлімде ақпаратты тексеру және сыни тұрғыдан қабылдау, жасанды интеллект көмегімен көптілді хабар тарату, сондай-ақ басқаруда бизнес-аналитиканы қолдану тақырыптары қамтылады.

Бұдан бөлек, қатысушылар жасанды интеллект көмегімен цифрлық шешімдер әзірлеу тәсілі – вайбкодингпен танысады. Тағы бір семинар TikTok LIVE платформасы арқылы жеке медианы дамытуға арналады.

Сондай-ақ 15 қазанда үздік баспасөз хатшылары мен баспасөз қызметтерін марапаттау рәсімі өтеді.

Медиа апталық QAZAQSTAN MEDIA AWARDS рәсімімен аяқталады

Үш күнге жоспарланған Astana Media Week 2026 іс-шарасы 16 қазанда QAZAQSTAN MEDIA AWARDS марапаттау рәсімімен қорытындыланады.

Салтанатты жиында медиа саласындағы кәсіби жетістіктері үшін үздік мамандар мен сала өкілдері марапатталады.

Жалпы, биылғы медиа апталық журналистикадағы технологиялық өзгерістерді, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдануды, отандық контенттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және аудиториямен сенімді байланысты қалыптастыруды талқылайтын кәсіби алаңға айналып отыр.