Astana Media Week-2025: Орта Азиядағы ең ірі медиа апталық өтіп жатыр
Елордада Astana Media Week дәстүрлі медиа апталығы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үш күнге жалғасатын айтулы жиын биыл «Ұлтқа қызмет ету – медиа миссиясы» тақырыбы аясында өтеді. Апталыққа медиа мамандар, халықаралық серіктестер және мемлекеттік ұйымдар жиналып, ой қозғайды деп күтілуде.
Бағдарламада медиаэтика, деректі фильм түсіру, жасанды интеллектті пайдалану, имидж менеджменті, цифрлық коммуникациялар және дата-журналистикаға арналған сессиялар қарастырылған. Сондай-ақ журналистердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар, презентациялар, жабық форматтағы питчинг жобалар мен практикалық шеберлік сағаттары өтеді.
Спикерлер қатарында Euronews, Anadolu Agency, TRT Avaz Kanal, «Хабар», «Qazaqstan», Atameken Business, NUR.KZ және Өзбекстан, Түркия, Еуропадан келген сарапшылар бар.
Арнайы стриминг платформалар нарығына арналған сессиялар да өтеді. Оған TV+, Кинопоиск, Unico Play, Birge TV, Freedom Media өкілдері қатысады.
Форумның ресми ашылуы «Цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі журналистиканың жаңа бағдарлары: қоғам сенімі және даму» атты пленарлық сессиямен басталады. Қатысушыларға құттықтау сөзін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов арнайды. Сессия модераторы – Euronews-тің Қазақстандағы бюросы жетекшісі Боян Бркич. Панель спикерлері арасында Қанат Ысқақов, Денис Локтье, Санжар Устабобоев, Мехмед Захид Чалышкан және Илхам Ибрагимов бар.
Көпшіліктің назарын «ЖИ және Қазақстандағы медиатрансформация» атты «Қазконтент» АҚ дайындаған арнайы бейс-презентация аударады. Экранда жасанды интеллект технологиялары жаңалық дайындау, талдамалық материал әзірлеу және мультимедиалық контент өндіру тәсілдерін қалай өзгертіп жатқанын көрсететін жобалар ұсынылады.
Бағдарлама «Бұрылыста тұрған журналистика: ЖИ көмегімен цифрлық медианың қалыптасуы» атты панельдік пікірталаспен жалғасады. Онда Қазақстан мен Түркиядан келген сарапшылар технологияларды редакциялық жұмысқа тиімді енгізу тәжірибесімен бөліседі.
Astana Media Week тағы да медиа саласының визионерлері мен тәжірибелі мамандарын тоғыстыратын ашық алаңға айналады. Мұнда жаңа идеялар туып, серіктестік байланыстар орнайды, болашақ трендтер айқындалады.