Танымал демалыс орнында егеуқұйрықтар жүр: Әкімшілік түсініктеме берді
Желіде қызу талқыланған видеоға қатысты Балқарағай әкімшілігі мен санитариялық бақылау органдары пікір білдірді.
Әлеуметтік желіде Астана маңындағы Балқарағай демалыс орнында түсірілген видео қызу талқыға түсті. Кадрларда жазғы аймағының бірінде егеуқұйрықтардың жүргені байқалады. Желі қолданушылары бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, демалыс орнының санитариялық жағдайына қатысты сұрақтар көтерді. Осыған байланысты BAQ.KZ редакциясы Балқарағай демалыс орнының әкімшілігі мен Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне ресми сауал жолдады.
Әкімшілік: Оқиға кешеннің шеткі бөлігіндегі ашық күркеде болған
Демалыс орны әкімшілігінің мәліметінше, бейнежазбада көрініс тапқан жағдай кешен аумағының шетінде орналасқан ашық күркеде тіркелген.
Әлеуметтік желілерде Балқарағай демалыс аймағында түсірілген бейнежазба таралуда. Осыған байланысты нақты ақпаратты назарларыңызға ұсынуды маңызды деп санаймыз. Аталған жағдай кешен аумағының шеткі бөлігінде орналасқан ашық беседкада болған. Картадан көріп отырғандарыңыздай, бұл аумақ орманмен және ұсақ жануарлар мен кеміргіштердің табиғи мекен ету ортасымен шектеседі. Біз дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстарын жүргізетін мамандандырылған қызметпен тұрақты түрде жұмыс істейміз. Аумаққа өңдеу жұмыстары апта сайын жүргізіледі. Бұл қолданыстағы келісімшартпен және орындалған жұмыстар актілерімен расталады. Мұндай жағдайларға бейжай қарамаймыз және олардың қайталану қаупін азайту үшін жақын маңдағы аумақта бақылау мен алдын алу шараларын күшейттік, – деп жауап берді демалыс орнының әкімгері Әсел Оразалықызы.
Санитариялық талаптарға қайшы
Ал Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қоғамдық тамақтану және демалыс орындарында кеміргіштердің болуы санитариялық талаптарға сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Қоғамдық тамақтану және демалыс орындарында кеміргіштердің болуы мүлде жол беруге болмайтын жағдай. Өйткені егеуқұйрықтар түрлі жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы болып саналады және азық-түлік өнімдерін, ыдыс-аяқты, жабдықтарды әрі қоршаған ортаны ластауы мүмкін. Нысан иелері мен әкімшілігі аумақ пен үй-жайлардың тиісті санитариялық жағдайын қамтамасыз етуге, дератизация жұмыстарын тұрақты жүргізуге, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылауға және кеміргіштердің кіруі мен таралуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауға міндетті, – деп жауап берді департамент.
Ведомство мұндай фактілер анықталған жағдайда келушілерге құқық бұзушылықты фото немесе бейнежазбаға түсіріп алуға, сондай-ақ нысанға барғанын растайтын чек немесе өзге де құжаттарды сақтауға кеңес береді.
Сонымен қатар болған жағдай туралы мекеме әкімшілігіне хабарлау қажет. Егер тиісті шара қабылданбаса, азаматтар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының аумақтық бөлімшелеріне жазбаша түрде шағымдана алады.
Әзірге ресми шағым түспеген
Дегенмен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аталған жағдай бойынша қазіргі уақытқа дейін қосымша шағым немесе ресми өтініш түспегенін алға тартты.
Ведомствоның түсіндіруінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жоспардан тыс тексерулер азаматтардың өтініштері немесе бақылау-қадағалау шараларын жүргізуге негіз болатын өзге де заңды себептер болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Осыған байланысты департамент азаматтарды санитариялық талаптардың бұзылғанын байқаса, дәлел ретінде фото немесе бейнематериалдарды тіркеп, уәкілетті органдарға ресми түрде жүгінуге шақырды.
Мамандар демалыс орындары мен қоғамдық тамақтану нысандарын таңдағанда аумақтың тазалығына, тамақтану аймақтарының санитариялық жағдайына және санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуына ерекше назар аударуға кеңес береді.