«Астана» клубының жаңа директоры сенімді ақтайды деп үміттенеміз – Асқар Баталов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының бас директоры Асқар Баталов журналистерге «Астана» футбол клубының жаңа басшысын таныстырды. Елорда клубының бас директоры қызметіне белгілі қазақстандық функционер Михаил Ильич Гурман тағайындалды.
«Михаил Гурман туралы шешімді мен ұзақ ақылдасулардан кейін қабылдадым. Біз көптеген кандидаттарды қарастырдық. Олардың арасында шетелдік және жергілікті мамандар да бар. Михаил Гурман өзіне жүктелген жауапкершілікті түсінеді. Соңғы 20 жылда ол еліміздің футбол саласының барлық тетігін басқарды. Біз оның футболшы ретіндегі жолын есімізде сақтаймыз және функционерлік қабілетін жақсы білеміз. Бұл біз үшін маңызды оқиға», - деді А. Баталов.
Баспасөз мәслихатында Асқар Баталов топ-менеджерлерді тағайындау және «Астана» футбол клубын одан әрі дамыту туралы сұрақтарға жауап берді.
«Клубтарға тапсырманы Президенттік клубтың басшылығы жүктейді. Біздің бас серіктесіміз «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры клубтарды қаржыландырумен ғана айналысады, бірақ спорт бөлімі мен функционерлерді тағайындауға араласпайды. Бұл мен баса айтқым келетін маңызды хабарлама», - деді Асқар Баталов.
Мульти-клуб басшысы алдағы 5 жылға арналған балалар академиясын дамыту тұжырымдамасы жасалып жатқанын, оның аясында спорттық база салу жоспарланып отырғанын айтты.
«Бүгінгі таңда клубтың дамуындағы маңызды міндет - алдағы бес жылға арналған іргетасын қалау. Біріншіден, бұл құрылыс инфрақұрылым мәселесі. Біз балалар академиясының алдағы бес жылға арналған даму стратегиясының тұжырымдамасын дайындаймыз. Бұл оқу орталығының барлық мамандары қатысатын маңызды құжат. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ешкім бізге ақшаны арнайы бермейді. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. «Астананы» әлеуметтік жоба ретінде жасағымыз келеді. Бұл балалардың құлшынысын оятатын болады», - дейді А. Баталов.
Сондай-ақ, елордалық клубқа жүктелген міндеттер де айтылды. Асқар Баталов «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтетініне сенім білдірді. Ол үшін мүмкіндік бар екенін және қажетті жағдай жасалғанын айтты.
«Бүгінгі таңда Еуропа лигасының топтық кезеңіне өту үшін таласты әріқарай жалғастырамыз. Гурманның тәжірибесі мен қабілеті біздің клубқа көмектеседі деп сенемін. Алдағы ойындарға сеніммен қараймыз. Григорчуктың қойылған тапсырманы орындайтындай "карт-бланшы" бар», - деді Астана президенттік кәсіби спорт клубының бас директоры Асқар Баталов.
Өз кезегінде «Астана» футбол клубының жаңа басшысы Михаил Гурман журналистерге жұмысты неден бастайтынын айтты.
«Қалай болғанда да «Астана» - қазақ футболының гранд командасы. «Астананың» арқасында бізді Еуропа таныды. Осы күні олар бізбен санасады. Жаңа сіз «Жұмысты неден бастайсыз?» деп сұрадыңыз. Бірінші кезекте мен әр футболшымен жеке сөйлесуді жоспарлап отырмын. Оларға:«Футболшылар - сіздер бақытты адамдарсыз. Сүйікті ісіңізбен айналысып, көп ақша табасыздар. Сондай-ақ жанкүйердің қошеметіне бөленіп жүрсіздер» деген ойды жеткізгім келеді. Менен жұмысты неден бастайсыз деп сұрадыңыз. Алдымен мен командада не болып жатқанын түсінуге тырысамын», - деді Михаил Гурман.
Михаил Гурман 1953 жылы 8 тамызда Душанбеде (Тәжікстан) дүниеге келген. КСРО біріншілігінде «Нефтяник», «Орбит», «Трактор», «Шахтер» және «Жетісу» клубтарының құрамында ойнады. Оның спорттық мансабындағы ең жарқын кезең деп «Қайраттағы» жылдарын айтуға болды.
«Астана» клубына дейін ол Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының директоры және Қазақстан футбол Федерациясының вице-президенті қызметін атқарған.