«Астана» клубының бюджеті 10 миллиардқа жуық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана» клубының директоры Михаил Гурман QazSport теларнасына берген сұхбатында клубтың бюджеті туралы айтты.

Әңгіме барысында Гурман клубтың балансында тек футболшылар ғана барын жеткізді.

«Мен клубқа келмес бұрын, «Астананың» бюджеті 40-50 миллион доллар дегенді естігенмін. Енді, міне, директор болғалы бәрін көріп отырмын. Клубтың бюджеті – 9 миллиард 800 миллион теңге (25, 3 миллион доллар). Бұл қаржының есебінен барлық шығындар жабылады: стадион мен кеңсені жалға алу, қызметкерлер мен футболшылардыңжалақысы, жолсапар шығындары. Ал қосымша қаржыландыру көзі ретінде УЕФА-дан түскен сыйақы мен футболшылардың трансферінен түсетін табыс ғана. Оның бәрін клуб футболшыларға сыйақы ретінде үлестіруге және жаңа ойыншылар сатып алуға жұмсай алады», - дейді Гурман.

Жақында «Астананың» негізгі қорғаушысы Марин Аничич Түркияның «Коньяспор» клубына ауысқан болатын. Кейбір ақпарат көздері «Астана» Аничичті 1 миллион еуроға сатты деп айтқан еді. Бірақ Гурманның сөзіне қарағанда олай емес секілді.

«Меніңше, 30 жастағы футболшыны сатып, бес доллар пайда тапсаң да өте жақсы. Аничичті біз Томашевичке алмастырдық. Нәтижесінде 100 мың доллар көлемінде пайда таптық», - дейді ол.

Бас бапкер Григорчукқа ел чемпионатын ұту және Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алу тапсырылған.

«Еурокубоктағы басты тапсырма – топтық кезеңге жолдама алу. Қалғанын сосын көре жатамыз. Бірақ ол жақта турист болғымыз келмейді. Топта ойнау керек және футболшыларға босаңсуға мүмкіндік беруге болмайды. Әйтпесе,бізде топқа кірсе, барлық мәселе шешілгендей жүретіндер бар. Ол жарамайды!», - дейді Гурман.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы