«Астана» клубы легионерлерге айына 70-80 мың еуроға жалақы төлейді – Ерлан Қожағапанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби спортты дамытуға бөлінген бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалғаны туралы айтқан еді. Бірақ мұны «Астана» футбол клубы елемеген тәрізді. Осы жөнінде Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың пікірін білген едік.

Тілші: Ерлан Тоқтарханұлы, сіз елдегі спортқа жауапты адамсыз.  Сондықтан елдегі футбол туралы сөйлескіміз келеді. Оның үстіне бір кездері Қазақстан футбол федерациясын басқарған едіңіз. Сондықтан өзіңіз жақсы білетін тақырып. Биыл еурокубоктың алғашқы кезеңдерін клубтарымыз жақсы бастағанымен, кейін «Тобыл» мен «Астана» жарыстан шығып қалды. Мысалы, «Астана» Финляндия командасын 3:1 есебімен жеңіп тұрып, қажетті есепті сақтай алмады. Ал Қостанайдың «Тобыл» клубы тіпті словактарға сырт алаңда 0:5 есебімен оңбай ұтылды. Біздің клубтардың жылдық бюджеті қарсыластарға қарағанда бірнеше есе көп, тіпті 10 есе жоғары десек болады. Бұған жанкүйерлер риза емес. Әлеуметтік желілер шулап тұр. Қазақстанға осындай футбол керек пе?

Ерлан Қожағапанов: Әрине, бізде футболдың жағдайы көңіл көншітпейді. Бірақ бұл жердегі нәтижелерге жан-жақты қарау қажет. «Қайрат» – жеке клуб, әлемдік деңгейдегі база салды. Өз академиялары бар. Клуб қожайыны Қайрат Боранбаев Германияның «Лейпциг»  клубымен ынтымақтастық орнатты, Ресейде «Қайрат-Мәскеу» командасын құрды. Біздің елде Боранбаев жалғыз болып тұр. Проблема осында. Яғни клубтарды жекелеген бизнесмендер алмай жатыр. Ең бастысы, «Қайрат» бюджет қаржысымен өмір сүрмейді. «Қайрат» сияқты командалар көп болса деп тілейсің.

Иә, «Тобыл» көңіл қалдырды, бұл бірінші рет емес. Бірақ Қостанайда облыс әкімі манеж салып, стадионды күрделі жөндеуден өткізді. Менің білуімше, ол қазір стадионға соңғы үлгідегі жасанды алаңды төсеп жатыр. «Тобыл» сапында ұлттық құрамамыздың көшбасшы ойыншыларының басым бөлігі бар. Олар Еуропада ойсырай жеңілді, біздің қазіргі деңгейіміз осы. Егер біздің құраманың көшбасшы футболшылары словакиялық жастарға шамасы жетпесе, ол біздің футболдың деңгейін анық көрсетеді. «Тобылдың» нәтижелері өте төмен, бірақ олар кем дегенде инфрақұрылымды жақсарту үшін белгілі бір деңгейде жұмыс істеп, инвестиция тартып жатыр.

Менің көңілімді құлазытқан – бұл «Астана». Көп жылдар бойы қазақ футболының флагманы болған команда осылай құлдырайды деп ойламадым. «Астананың» бюджеті жылына 30 миллион долларға дейін жетті. Осының нәтижесі қайда? Ештеңе де жоқ. База жоқ, академия жоқ. Осы жылдар ішінде бірде-бір футболшыны тиімді, пайда әкелетін қаражатқа сатқан жоқ. Барлық ақша негізсіз қымбат легионерлерге, олардың агенттеріне, трансферлерге жұмсалды. Таблода ойын есебі ғана қалды, оған қараудың өзі ұят.

Тілші: Бірақ «Астана» туралы айтқаныңыздың осы жылға қатысы бар ма? Өйткені, жыл басынан бастап клубтардың бюджеті қысқарды емес пе?

Ерлан Қожағапанов: Биыл мемлекет басшысының жолдауын орындау үшін барлық кәсіби спорт клубтарын қаржыландыру қысқартылды. Кейбір клубтар бұл қысқартудың маңыздылығы аса жоғары емес деп түсінсе керек, олар қатты қателеседі, әрі ол үшін нақты есеп береді. Мысалы, «Астана» футбол клубының осы жылғы бюджеті 5 миллиард теңге, ал қалған клубтардың барлығында 1,2 миллиард теңгеден аспайды. Ал осының нәтижесі қандай болды? Еуропада іріктеудің үшінші айналымынан әрі аспады.

Тілші: Клуб басшылары «Астананың» өткен жылдардағы қарыздары туралы айтып, сол жағдай клубқа жоғары міндеттерді шешуге мүмкіндік бермейді деген пікір білдіргенін білеміз.

Ерлан Қожағапанов: «Астана» осы жылға 4,2 миллиард теңге кредиторлық берешекпен кірді. Қазақстанда мұндай қарыз ешқашан бірде-бір клубта болған емес. Бұл қарыздардың көп бөлігі 2020 жылы, яғни пандемия жылы пайда болды. Клуб белшесінен берешекке батып, енді оны мемлекет есебінен қайтарғысы келеді. Бірақ бұл қарыздардың көптеген компоненттері зерттеле келе үлкен сұрақтар туғызды. Біз мұндай қарыздардың пайда болуының заңдылығына елеулі күмән бола тұра, ақшаны оп-оңай бере алмаймыз. Қазір бұл ақша сенімді қорғалған. Бірақ ол клубқа барған бетте, күмәнді келісімшарттар есебінен басқа тараптарға кету қаупі бар. Біз оған жол бермейміз.

Тілші: Бұл қарыздар немесе олардың бір бөлігі «қолдан жасалғандай» естіледі екен.

Ерлан Қожағапанов:  Өкінішке қарай, мұны да жоққа шығаруға болмайды. Аудиторлар жұмысын аяқтайды. Біз кредиторлық берешекті өтеу барысында халық ақшасын ысырап етуге жол бермейміз. Біз заңды әрекет ету шараларын қабылдаймыз. Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Тілші: Тексеру жүріп жатқаны түсінікті, бірақ сенімді болу үшін «Астанадағы» «былықтың» нақты мысалдарын келтіре аласыз ба?

Ерлан Қожағапанов: Қазір тексеру жүріп жатқандықтан, көп нәрсені ашып айта алмаймын. Бірақ бізді қатты мазалайтын жағдай, клуб іс жүзінде бір топқа және шетелдіктердің сыртқы басқаруына берілген. Шын мәнінде, клуб барлық заңды, ішінара спорттық және маркетингтік жұмыстарды ресейлік компанияға, соның ішінде түсініксіз тұлғаларға және олардың тарапынан ешқандай жауапкершіліксіз тапсырған. Бұл дегеніңіз «Астананы» біздің менеджмент емес, күмәнді шетелдік компания басқаратындай көрінеді. Жалпы, егер барлық жұмысты өте үлкен көлемдегі ақшаға шетелдік кеңсеге тапсырған болса, бұл жағдайда «Астанаға» бас директор, заңгерлер, маркетологтар не үшін керек екені белгісіз? Көптеген келісімшарттар мен қарым-қатынастар «Астананың» мүддесіне қарсы болып тұр.

Бір айқын мысалды келтірейін: «Астана» осы кеңсеге жаттықтырушы Григорчукпен бітімгершілік келісім жасасуға дейінгі барлық құқықтар мен өкілеттіктерді беріп, дауды шешуді тапсырған. Бітімгершілік келісімі бойынша «Астана» тарапы Григорчукқа бірнеше траншпен төлем жасауды көздеді. Бірақ төлемнің мерзімін өткізіп алған жағдайда «Астана» Григорчукке күткендей күніне 0,01 немесе 0,02% емес, бірден 200 мың еуро төлейді. Нәтижесінде, клуб Григорчукқа 866 мың еуро негізгі қарызынан басқа, кешіктіргені үшін тағы 400 мың еуро төлеуге мәжбүр болады. Тиімді мөлшерлеме еурода жылдық жүздеген пайыздармен есептеледі. Бұл бассыздық, сондықтан кешіктіруді шешудің мұндай тәжірибесі толықтай абсурд. Ол «Астанаға» арнайы залал келтіру үшін жасалған сияқты. Клуб халықаралық мықты заң компаниясын жалдаған кезде, біз «Астананың» мүддесін қорғаудың мүлде басқа деңгейін күтуге құқылымыз. Нәтижесінде, ешқандай қорғауды көріп тұрған жоқпыз. Керісінше, толықтай мүддені басқа тарапқа беріп қойған. Сондықтан да біз клубқа осы кеңсемен барлық қарым-қатынасын бұзуды бұйырдық. Олардан келетіні тек қана шығын. Іс-әрекеттеріне әлі де процедуралық баға беру керек.

Әрі қарай жалғастырайын. «Астанада» жалақы мөлшері тым жоғары. Олар кейбір легионерлерге айына 50-60 мың еуро төлейді, ал жыл сайын ондаған және жүздеген мың еуроға сыйақылар тағайындалады. Бір футболшының орташа айлық табысы 70-80 мың еуроға жетеді. Не үшін? Финдердің бүкіл командасы, біздің бір ойыншы алатын жалақысына жетпейді. Соған қарамастан олар келесі кезеңге өтті. Сіз қай елде тұрасыз? Балаларға, жанкүйерлерге, бүкіл Қазақстанға қандай пайдасы бар? Біз клубқа қаржылық тәртіпті, негізгі тәртіпті енгізгіміз келеді, бірақ олар оған қарсы.

Тілші: Қалайша?

Ерлан Қожағапанов: Онда сіз үшін бір мысал. Біз тиімділікті арттыру және теріс пайдалануды болдырмау үшін трансферлік комитет құруды ұйғардық. Бұл табиғи қадам деп есептеймін. Трансферлік комитеттер барлық дерлік клубтарда бар. Бірақ бұл жерде болмады. Клуб мгенттік келісімшарттарды трансферлік Комитеттің өкілеттіктері шеңберінен шығаруды ұсынды, дегенмен агенттік төлемдер мәміленің ең маңызды параметрі болып есептеледі. Клуб агенттік төлемдерді өздері шешетінін мәлімдеді. Дегенмен, біз агенттік және көтерме төлемдердің кез келгеніне тыйым салуды, ал жалақыларын теңгеге аударуды ұсындық. Шын мәнінде, клубтың бюджеті теңгемен бола тұра, айлық жалақыны доллармен немесе евромен қалай белгілеуге болады? Курстың кез келген теріс динамикасы, сізге негізсіз кредиторлық берешек әкеледі. Бірақ клуб біздің талаптарымызды мүлде елемеді. Нәтижесінде, барлық жаңа ойыншылар агенттік 15%- ға қол қойды, олардың заңдылығы күмән тудырады.

2018 жылдан бастап «Астананы» қаржыландыруға шамамен 45 миллиард теңге бөлінді. Бір «Астанаға» бүкіл қазақстандық спортқа қарағанда көбірек ақша жұмсалды. Неге? Биылғы жылы сияқты бюджеті мүлде аз финдерден жеңілу үшін бе, әлде өткен жылғыдай қарапайым Черногорияның «Будучность» сияқты ортанқол ұжымына ұтылу үшін бе? Жыл сайын бірдей көрініс: біз бюджеті командалардан ұтыламыз. Мұндай заңсыздық бұдан былай жалғасуы мүмкін емес. Әуесқойлар біздің шешімдерімізге қарсы шексіз бюджеттерді пайдаланады.

Тілші: «Астананың» алдағы тағдыры қандай болмақ?

Ерлан Қожағапанов:  Келесі жылға арналған бюджет тағы 40%-ға қысқарады. Екі түрлі көзқарас болуы мүмкін емес. Президент тапсырды. Біз орындаймыз. Мұны түсінбегендер, футбол тарихының шетінде қалады. Бұл тек «Астанаға» ғана емес, барлық клубтарға қатысты.

Осы сұхбаттан кейін «Астана» клубының директоры ауысты. Бұған дейін клубты басқарған бұрынғы футболшы Давид Лория қызметінен кетіп, оның орнына уақытша бұл қызметті Тастанбек Есентаев атқаратын болды. Мұндай шешімді клубтың құрылтайшысы, Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры қабылдаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы