Астана әкімдігін трансформациялаудың екінші кезеңі басталды
Астана, BAQ.KZ. Бүгін қала әкімі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен Астана әкімдігі аппаратының кезекті отырысы өтті. Онда қала әкімдігін трансформациялаудың екінші кезеңі талқыланды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
«Кеше өткен Мәжіліс Парламентінің пленарлық отырысында Елбасы бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жағдай мен сыртқы саяси ахуалды ескере отырып, бірқатар басты бағыттарды айқындап берді. Оның ішінде Елбасы, халықтың жағдайын көтеріп, азаматтарды әлеуметтік қолдау мен идеологиялық жұмысты күшейту жөніндегі бірқатар тапсырма берді. Бұл қала әкімдігінің құрылымын өзгертіп, кешенді жұмыс жасауды талап етті. Осыған орай, Астана әкімдігін трансформациялаудың екінші кезеңін жариялаудың кезі келіп отыр», – деді Б. Сұлтанов.
Оның айтуынша, трансформациялаудың бірінші кезеңі экономикалық тиімділікті, мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы мен жеделдігін арттыруға өз септігін тигізді. 2018 жылы трансформациялау мен жаңа тәсілдемелерді енгізудің арқасында Астана әкімдігі 27, 6 млрд теңгені үнемдеді. Екінші кезеңде бірқатар өзгеріс орын алады деп күтілуде.
Біріншіден, қазіргі қаржы, бюджеттік және стратегиялық жоспарлау басқармалары жаңа экономика басқармасы болып біріктіріліп, қаламыздың стратегиялық дамуы мен басым секторларды дамыту арқылы жаңа экономиканы жасақтауға жауап беретін болады.
Екіншіден, Қалалық ортаны реновациялау басқармасы құрылады. Оған құрылыс және тұрғын үй саясаты, қалалық ортаны регенерациялау, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармалары кіреді.
«Бұл салада да өте маңызды міндеттер тұр. Жобалық-бағдар әдісін қолдану арқылы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қорын салу, жобалық басқарудың әлеуетін пайдалана отырып, әкімдіктің тапсырыс беруші ретіндегі рөлін нығайту, барлық мүдделі тараптармен тиімді қарым-қатынас орнату, смарт-жобаларды іске асыру қажет», – деді қала әкімі.
Ол, сонымен қатар, кешенді және жүйелі шешімдер арқылы бюджет қаражатын тиімді пайдалануды арттыру керектігін айтты.
«Табиғатты пайдалану саласында қаланы жасылдандыру жұмыстарын жаңаша жүргізген жөн. Қаланың ландшафтық дизайнына байланысты заманауи тенденцияларды ескере отырып, жаңа ережелер жасауды тапсырамын. Экологиялық қауіпсіздік саласында ұзақ мерзімді басымдықтар негізінде әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, жобалық басқару әдістерін енгізу және қоршаған ортаны қорғау тұжырымдамасын дайындау қажет», – деді Б. Сұлтанов.
Үшіншіден, барлық қоғамдық-идеологиялық жұмыс қоғамдық даму басқармасы арқылы ұйымдастырылады. Бұл басқармаға қоғамдық даму істері, мәдениет және спорт, тілдерді дамыту және арxив ісі басқармалары біріктіріледі.
«Үш органның бір идеологиялық блокқа енуі экономикалық тиімділікпен қатар, әкімдіктің аталған саладағы жұмысын жаңа сапалық деңгейге шығарады. Бұл идеологиялық жұмыстар елордалықтардың мәдени деңгейін көтеру және салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы астаналықтардың санасын тиісінше жаңғыртуға мүмкіндік берері сөзсіз», – деді әкім.
Осыған байланысты Бақыт Сұлтанов өзінің орынбасары Нұрлан Нұркеновқа әкімдіктің идеологиялық және әлеуметтік жұмыстарын жаңғыртуды, әлеуметтік саладағы жұмыстарды жақсарту арқылы жергілікті атқарушы органдардың оң имиджін қалыптастыру бағытында жұмыс істеуді жүктеді. Одан бөлек, әкімдікте жаңадан цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы құрылады.
«Елбасының елімізді әлемнің ең озық отыз мемлекетінің қатарына қосуға қатысты нақты тапсырмасы бар екенін жақсы білесіздер. Бұл тиісінше жаңа инновациялық даму мен жедел теxнологиялық өзгерістерді талап етеді. Елордада ауқымды «Смарт Астана» жобасы іске асырылуда. Қазір тұжырымдама бекітілген. Бұл, біріншіден, xалықтың жағдайын жақсартуды, қолайлы қызметтерді ұсынуды көздейтін заманауи жоба. Аталған салаларды цифрландыру ең әуелі еңбек өнімділігін арттыруға, қарапайым xалыққа және кәсіпкерлерге сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге, жылдам әрі қауіпсіз ақпарат ұсынуға, деректерді жинақтау, өңдеу, адам капиталын дамыту, яғни креативті қоғам қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Б.Сұлтанов.
Осыған орай, әкім барлық орынбасарларына мемлекеттік органдардың қызметін жан-жақты зерделеп, оны жақсартуға қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.