Астана іргесіндегі ауыл тұрғындары ауызсуды сатып алуға мәжбүр - әкім
Бұл туралы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Орталық аппаратында өткен мен кенттер әкімдерінің онлайн-кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бейнеконференция форматындағы жиынға 2021-2022 жылдары сайланған әкімдер қатысты. Олар ауылдар мен кенттерді әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Біздің ауыл Астана қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан. Мегаполистің іргесінде тұрсақ та, проблемалар көп. Президенттің 2022-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, елдегі ауылдар көркейіп, жаңа деңгейге өтеді деген сенім бар. Жер мәселесі – өте күрделі мәселелердің бірі. Әсіресе жайылым жерлер тапшы. Себебі көп жер жекеменшікке өтіп кеткен. Соның салдарынан ауыл тұрғындары малдарын қайда жаярларын білмейді. Бірақ дегенмен 2022 жылы біз ауылымыздағы 1800 гектар жерді өзімізге қайтардық, - деп атап өтті Ақмола облысы Целиноград ауданы Приречное кентінің әкімі Мейірхат Жанділдин.
Ауыл басшысының айтуынша, жерді халыққа қайтару әлі де жалғасады.
Атап айтқанда, заң жүзінде жер мақсаты бойынша пайдаланылмаса, өңделмесе, өнім өндірілмесе, мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Сондай-ақ жер мақсаты бойынша пайдаланылмаса, қаржылық міндеттемелерді орындамаса, мемлекеттік мұқтаждық үшін қайтара аламыз. Тағы бір мәселе – Астананың дәл түбінде тұрсақ та, ауызсу мәселесі шешімін таппай тұр. Халық суды блок-модульден сатып алып тұтынуға мәжбүр, - деді әкім.