Бүгiн 2026, 10:35 Фото: Ақорда

Астана инфрақұрылымы мен сәулеттік келбеті енді жаңа заңмен реттеледі

Құжатта елорда инфрақұрылымын дамыту, сәулеттік келбетті сақтау және қалалық басқару тетіктері нақтыланған

Парламент екінші оқылымда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Құжат астананың құқықтық мәртебесін айқындауға, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға және тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заңда жергілікті мемлекеттік басқарудың негізгі ерекшеліктері бекітілген. Атап айтқанда, астананың республиканың саяси, әкімшілік, мәдени және экономикалық орталығы ретіндегі рөлін күшейту, оның әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық байланыстар орталығы ретіндегі әлеуетін арттыру көзделеді.

Құжатқа сәйкес, астана мәслихатының өкілеттіктері кеңейтіледі. Мәслихат шетелдердің жергілікті өкілді органдарымен халықаралық байланыстар орната алады. Сонымен қатар, мемлекет қажеттілігі үшін жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару жөніндегі шарт жобаларын келісу, қала құрылысы регламентін және астана аумағын құрылыстық игеру схемаларын бекіту құзыреті беріледі.

Ал әкімдікке қаланы дамытуға қатысты бірқатар жаңа функция жүктеледі. Олардың қатарында реконструкциялау нысандарын жобалау, салу және пайдалануға беру мерзімдерін бақылау, апатты жағдайдағы көпқабатты тұрғын үйлерді бұзуды ұйымдастыру, қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру және астананың дизайн-кодын сақтау міндеттері бар.

Сондай-ақ әкімдік жөндеуге жататын көппәтерлі тұрғын үйлердің тізбесін айқындап, жол қозғалысын ұйымдастырудың кешенді схемасын әзірлейді.

Заң аясында қала аумағы мен қала маңы аймағына, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты мәселелер де реттеледі. Құжатта орманды-саябақ аймағы қорғаныстық, экологиялық және рекреациялық функцияларды атқаратын ерекше аумақ ретінде белгіленген.

Орманды-саябақ аймағының шекарасын белгілеу және өзгерту Үкіметтің құзыретіне беріледі. Бұл шешім астана әкімдігінің ұсынысы негізінде қабылданады.