Astana Hub Battle. Стартаптар жарысы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Digital Bridge халықаралық технологиялық форумының екінші күні басталды. Дәл қазір технологиялық стартаптар бақ сынасқан Astana Hub Battle жарысының жартылай финалы өтіп жатыр. 

Astana Hub Battle - "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын маңызды нәтижелерге елдің ІТ-нарығы мен мемлекеттік органдарды ынталандыруға арналған технологиялық стартаптар арасындағы конкурс. 

Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша жарыстың жалпы жүлде қоры 30 мың долларды құрайды. 


Форумның дискуссиялық алаңында қазақстандық және шетелдік спикерлер өз ойларымен, IT саласындағы озық технологиялар жетістіктерін талқыға салды. 

Форумның модераторлары - Venture Beat аналитик маманы, сарапшы Стюарт Роджерс, ғылыми қызметкер Бионгсу Ким және 01 Edu System-нің негізін қалаушы Николя Содирак.  

Қазақстандық IT-мамандар мен жас өнертапқыштар өз стартаптарын көпшілікке таныстырды. Мәселен, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің студенті "Ақылды үстел" стартап жобасын ұсынды. 

"Балалар неге математикадан қиналады, неліктен білмейді? Мысалы, 8-сынып оқушысы репетиторға келіп, мен есепті шығара алмаймын, үйретіңізші дейді. Проблема 8 сыныптың оқулығында емес, мәселе 5-сыныпта жатыр. Біздің жоба адамдарды бақытты етеді. Портал тікелей эфирде жұмыс істейді", - дейді Әлібек есімді стартап иесі. 

Сонымен қатар, Astana Hub Battle жартылай финалистері форум аясында өтетін "Стартап Аллея" көрмесінде әлеуетті инвесторлар алдында өз жобаларын ұсына алады.

Айта кетейік, Digital Bridge – бұл интернет-компаниялар, технологиялық кәсіпкерлер, венчурлік инвесторлар, мемлекеттік лауазымды тұлғалар, корпорациялар, IT-мамандар, блогерлер және сандық БАҚ үшін жыл сайын өтетін форум. 

Форум IT-технологиялар, инновация, медиа саласында дамыту бойынша тәжірибе және ұсыныстар алмасатын, сондай-ақ Орталық Азия мен басқа әлем арасында Цифрлық көпір құратын алаң.

Бүгінгінің басты іс-шарасы Next Tech Entrepreneur Forum стратегиялық секциясы. Секция аясында "Сандық экономика үшін кадрлар", "Болашақтың білімі: технологиялар білім беру жүйесін қалай өзгертеді", "Орталық Азиядағы корпоративтік инновациялар", "Кәсіпкер әйелдер бизнесіндегі табыс құпиялары", "Венчурлік инвестициялар: стартапты "единорог" дәрежесіне қалай жеткізу, "Креативтен сандарға және кері қарай: әлеуметтік желілердегі және Youtube-тегі сіздің контентіңізді қалай өлшеуге болады?" сынды қызу талқылаулар өтуде.


Сондай-ақ, IT-мамандарға арналған форум аясында цифрлық экономика үшін кадрларды дайындау талқыланады. 

Форумды ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, "Зерде "Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі" АҚ, Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің қатысуымен және "Қазақтелеком" АҚ, "Хуавей Текнолоджиз Қазақстан", "Майкрософт Қазақстан" компанияларының қолдауымен өткізіледі.

Биылғы жылы Digital Bridge форумы еліміздің жас IT-мамандарын қолдау мақсатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы