Астана халықаралық әуежайы ҚР авиация өнеркәсібіне бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынды
Астанада алғашқы Қазақстандық авиациялық диалог өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шарада авиаотынға баға белгілеу және оның Қазақстанның транзиттік әлеуетіне әсері, тұрақты баламалы авиаотынды қолдану, сондай-ақ авиа-индустриядағы гендерлік теңдік сияқты мәселелер талқыланды.
Іс-шараға ҚР және әлемнің 40-тан астам әуе саласының өкілдері, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Энергетика министрлігінің, Экология министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және т.б. өкілдері қатысты.
Авиациялық диалогта «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Хамзин сөз сөйлеп, авиаЖЖМ тапшылығын жою бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.
Әуежайдағы жанармай құны басқа әуежайлармен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз, бұл транзиттік рейстерді орындау үшін жаңа авиакомпанияларды толық тартуға мүмкіндік бермейді. АвиаЖЖМ тапшылығын жою үшін мұнай компанияларын отандық МӨЗ-да мұнай өңдеуді ұлғайтуға, тек Ресей Федерациясынан ғана емес, басқа да шекара маңындағы елдерден импортты кеңейтуге, өндіріс тапшылығы кезеңдеріне арналған резервтер үшін авиаЖЖМ импорты бойынша ұлттық оператор құруға міндеттеу қажет, - деп атап өтті Д. Хамзин.
Сонымен қатар, Орталық Азия әуежайларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру шеңберінде Д. Хамзин әуежайлардағы тарифтерді тежеу мен бекітуді жоюды, транзиттік тасымалдарға кедендік «кедергілерді» алып тастауды, авиаЖЖМ тікелей сатып алуға, еркін сауда аймақтарын құруға мүмкіндік беруді ұсынды.
Айта кетейік, салтанатты шарада «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ мен «ҚазМұнайГаз – Аэро» ЖШС Астана әуежайында отын-жанармай құю кешенінің жобасын іске асыру бойынша техникалық ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Сондай – ақ, «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ, «Қазаэронавигация» РМК және «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-мен транзиттік әлеуетті арттырудағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы Астана халықаралық әуежайы тарихи жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді – оның жолаушылар ағыны 6 млн жолаушыға дейін өсті. Сондай-ақ, әуе айлағы екінші жыл қатарынан Қазақстандағы инфрақұрылым және қызмет көрсету сапасы бойынша ең үздік әуежай болып табылады, бұл SKYTRAX халықаралық марапатымен расталған.