«Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару кеңесі 2020 жылдың есебін бекітті

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) басқару жөніндегі Кеңесінің кезекті отырысын өткізді деп хабарлайды орталықтың баспасөз қызметі. 

Отырыста қаралған негізгі мәселе 2025 жылға дейінгі АХҚО Даму стратериясын іске асырудың аралық нәтижелері туралы баяндама мен 2020 жылғы АХҚО жұмысы туралы жылдық есеп болды.

2025 жылға дейінгі АХҚО Даму стратериясын іске асырылуды талқылау барысында Қайрат Келімбетов Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің белсенді қолдауымен сегіз реформаның сәтті іске асырылғанын айтты.

Жылдық есепті таныстыру аясында короновирус инфекциясы (КВИ) пандемиясы кезінде Орталық жұмысының тиімділігінің артқаны мен шығындардың оңтайландырылғанына көңіл аударылды.

2021 жылға бюджеттік өтінім 11,8 млрд теңгені құрайды. Бұл 2020 жылдағыдан 1,25 млрд теңгеге аз. 2022 жылы көрсеткіш 9,9 млрд теңгеге дейін түсіп, 2023 жылы 9,1 млрд теңге болмақ.

АХҚО юрисдикциясында әлемнің 53 елінен 845 компания тіркелген. 2025 жылға дейін көрсеткішті 2000-ға жеткізу жоспарда бар.

Орталық ашылғалы бері 4,4 млрд доллар инвестиция тартты. Соның ішінде 3,2 млрд доллар – тікелей инветсиция, 1,2 млрд доллар – портфельді инвестиция.

2018 жылдың қараша айынан бері Astana International Exchange (AIX) биржасы шамамен 321 млн доллар акционерлік және 887 млн доллар қарыздық капитал тартты.

АХҚО қатысушылары тарапынан төленген тікелей салық көлемі 2020 жылы 6,3 млрд теңге болды.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес мүшелері Жылдық есепті бекітіліп, ұлттық және өңірлік деңгейде АХҚО маңызын атады.

Отырысқа АХҚО Басқару кеңесі төрағасының орынбасары, Премьер-министр Асқар Мамин, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, Отыздық тобы (G30) Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, J. P. Morgan Chase Internationаl экс-басқарма төрағасы Джейкоб Френкель, Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар, ҚР Президентінің Кеңесшісі, Президент жанындағы Жоғарғы Реформалар Кеңесінің төраға орынбасары сэр Сума Чакрабарти, Citigroup банкі үкіметтер мен мемлекеттік секторлар жаһандық блогының басшысы Джули Монако қатысты.

Еске сала кетейік, «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалды реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында құрылды. 2020 жылдың 2 шілдесінде АХҚО Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Құжатқа сай, АХҚО Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия мен Шығыс Еуропа елдеріндегі алдыңғы қатарлы қаржы орталығы болып қалыптасу көзделген.

АХҚО міндеті өңірдің ұзақмерзімді тұрақты дамуына ықпал ету. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің теңдессіз мүмкіндіктерімен өңір елдерін байланыстырушы ерекше платформаға айнала алады». АХҚО-ның тұрақты дамуының стратегиялық бағыттары жабық циклді экономика, қаржы технологиясы мен «цифрлық қаржы орталықты» дамытуды қамтиды. 

 


 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы